воскресенье, 30 марта 2008 г.

Kazaktyn kuregi


Көршім күрек сұрай келді. Құдық қазғалы жатыр екен. Күрек көршімнің көңілінен артық па, «ләббай» деп, ауланың түкпіріндегі шағын сарайыма енсем, әшейінде қаз-қатар тізіліп тұратын 5 күрегімнің бірі де жоқ. Бәрін де «көршінің садақасы» деп таратып жіберген екенмін. Апыр-ай, алтыншы көршімнен ұят болды-ау! Күректі қойшы, көңілін айтсаңшы?!. Ертегінің мыстаны құсап, үстіңгі ернімнің астындағы қос күрек тісімнің бірін жұлып ап, аспап әзірлеп берсем бе екен? Өзінің де өңі өкпелегіштігін танытып тұр еді. Бұған дейін қайдағы бір темірге бола көңілім бұзылады деп ойламаған екем, бақсам, көңілдің күрмеуінің бір шеті күректе де жатыр екен ғой. Қазақта күрек болмаған дейді, мал баққан қаймананың қасиеттісі – қамшы, қамыт. Ал темір деген бертінде ғана қолға тиді емес пе? Жалған. Олай болса, әлгі мыстанның күрегі қайдан әңгіме боп жүр? Жауына күйрете соққы беріп, күреп тастаған да біздің бабаларымыз. Қазақтың күрегі – оның тілінде, жүрегінде. Ендеше, көршіме жүрегімді берсем, жарасып жатыр емес пе? Өкпелегіш өңі жібімесе, өзіне сын.

понедельник, 24 марта 2008 г.

Oralmandardy Otandastar deitin kez jetti...


Оралман бауырлардың елге қайтуда бір емес, қос проблемаға кезігіп отырғаны жасырын емес. Бірі – елден шығарда болса, екіншісі – Қазақстанға қоныстануы кезінде. Әрине, ресми мәліметтер болмаса да, оралмандардың кейбіреуі Қытай билігінің азаматтардың елге оралуына шектеу қойып отырғанын айтады. Әсіресе, «ақыл-ой» көзі саналатын жоғары білімді, талантты бауырларымызды өлшеулі шеңберде ұстағысы келеді екен. Бұл жағынан алғанда, бір кедергіге жолығатын қандастар үшін Қазақстанда да тосқауыл, тұсаулар аз емес. Әсіресе, Үкіметтің қаулысы бойынша 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап мамандығы бар, қызмет істеуге қабілетті, көпбалалы оралмандарға ғана квота берілетіні өзге оралмандардың елге оралуына тежеуіш болып тұр.
Елбасының арнайы шақыруымен келген әнші Отанбек Еңсеханға хабарласқанымызда, әнші Отанға оралғанына бар болғаны 15-ақ күн болғанын алға тартып, әлі қиындық көріп үлгере қоймағанын жеткізді. Дегенмен өз бетімен «елім» деп келген өзге халықтың іс жүзінде қамын жеп отырғандар шамалы екені аңғарылады. Қазақстанға келген бес жылында талай бәйгенің бас жүлдесін бермеген талапты ақын Жарас Кемелжан әлі күнге квота ала алмай, қиналып жүргенін айтады. «Біздер үшін жасалып жатқан жалғыз ғана жеңілдік – осы квота еді, соның өзіне 5 жылдан бері қол жеткізе алмай жүрміз. Оның үстіне жаңа жүйе бойынша біз сияқты жас өнер, әдебиет адамдары үшін сол квота көштің соңынан берілетіні қинап тұр» дейді ақын. Жараспен тағдырлас қазіргі поэзияның көшін бермей жүрген Тоқтарәлі Таңжарық, Ұларбек Нұрғалым сынды ақындар да баспана мен жеңілдіктен қиыншылық көріп жүргендерін ашық айтты.
Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы жанындағы студент жастар орталығының ұйымдастырушысы, Қытайдан келген бауырымыз Ұшқын Сәйдірахманұлының пікірінше, Көші-қон комитетінің жұмысы біржақты ғана жүргізіліп отыр.
– Біз тек көшіп келген оралмандарға ғана емес, сырттағы бауырларға да көмек қол ұшын созуымыз керек. Олардың Қазақстан жайлы ақпараттанып отыруы үшін парсы, түрік, урду, моңғол, қытай тілдерінде сайттар жасалуы қажет. Ал әзірге бір ғана парсы тілінде сайт бар, оның өзі жақында ғана ашылды. Сондай-ақ оралмандар ұйымдарының арасында бір-бірімен еш байланыс жоқ десе де болады. Мәселен, Қазақстанда Көші-қон комитеті, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы, «Асар» оралмандардың қоғамдық қоры, «Оралмандар» одағы бар. Бірақ бәрі де жұмыстарын жеке жүргізгісі келеді. Бір-бірімен бәсекелес. Ал бізге қазір бәсеке емес, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған ортақ әрекет қажет қой, – дейді Ұ. Сәйдірахманұлы.
Сырттан келген қандастарымыздың елде кездесетін әлеуметтік проблемаларынан өзге моральдық тұрғыда да ұшырасатын қиындықтары жетіп-артылады. «Ең алдымен, – дейді психолог Гүлзат Сәрсембина, – оралмандар тіл білу мен жазудан үлкен қиындық көреді. Ђйткені бізде ана тілді дамыту жолында қанша жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, күнделікті өмірде, іс қағаздарды жүргізуде орыс тілі қолданыс бойынша алдыңғы қатарға шығып кете беретіні жасырын емес. Ал Қытай, Моңғолия сынды елдерден келіп жатқан бауырларымыздың бәрі дерлік орыс тіліне шорқақтау келеді. Оның үстіне төте жазумен жазып үйренгендер үшін кирилл қаріптерімен құжаттар толтыру, хат жазу, жалпы, бір нәрсе жазу да азаптың азабы. Бұл тұрғыдан келгенде оралман бауырлардың жаңа ортаға сіңісіп кетуі де біраз уақытты қажет етеді. Оларды ортаға бейімдеу керек, қолдау көрсету қажет». Бұл психолог маман пікірі болса, Қытайдан келген қандасымыз, жас қаламгер, бірнеше әңгіменің авторы Оразбек БекбосынныҢ назы төмендегіше астасып жатыр:
– Мен Қытайдан 2006 жылы келдім. Ђз Отаным, дербес мемлекетіміз деп, өз еркіммен мұнда келген соң азаматтықты қабылдадым. Бірақ сол мемлекетімізден оралман ретінде ешқандай жеңілдік көрген жоқпын. Әу бастан квота алу қиямет-қайым екенін түсініп, жұмысқа орналасып, өз күнімді өзім көрейін десем, әскери билет, тағы да басқа таусылмайтын құжаттар сұрап, жұмысқа алудан қашады. Оның үстіне орыс тілін білмейсің деп тағы мұқатады. Тәуелсіз мемлекеттің өз тілі бар емес пе? Ендеше, сол тілде сөйлейтін адамға, оған қоса, орыс тілін білу шарт болмауы керек қой, – дейді.

вторник, 18 марта 2008 г.

Muhannyn tegi AUEZOV pa edi?

Мұхаңның тегі ӘУЭЗОВ па еді?
Көше бойында қаптаған сауатсыз жарнамалар мен дүкен, кафе атауларына көз үйреніп, көндігіп те қалған едік, бірақ белді бір мекеменің мына сорақы қателігі қолға қайта қалам ұстатып отыр. Суреттегі тақтайша Шаляпин мен Береговой көшелерінің қиылысында мен мұндалайды. Мен мұндалаумен бірге Әуезов аудандық ішкі істер бөлімінің жол полициясында сауатты қазақ тілі маманының жоқтығын да әйгілеп тұр. Әлі қалмай келе жатқан орысшылдық табының бұл жерден де иісі сезіледі. Әйтпесе «Әуез» сөзінің «э» емес, «е» таңбасы арқылы жазылатынын бірінші сыныптың да баласы біледі емес пе? Шамасы, орысша ойлайтын ағайынның «Ауэзов» дегенін қазақшалаған түрлері сыңайлы.
Жалпы Мұхаңның тегін бұрмалаушылықтың фактісі бір бұл ғана емес. Бұған дейін де кей оқулық, баспасөз беттерінен «Мұхтар Әуезұлы» деген сорақылықты да оқып жүрміз. Ау, жазушы әкесінің аты – Омархан еді ғой. Әлде мұны айтушылар қазақ әдебиетін гендік тұрғыдан зерттеп, жаңалық ашып отыр ма?
Мұндай қателіктер көп-ақ. Жалғыз Әуезов емес, басқа да тұлғаларымыздың аты қайсысы, жөні қайсысы екенін ажырата алмайтындар жеткілікті. Бәрінен бұрын ұлт тұлғаларының есімдері мен ата тегін әлі күнге жатқа білмейтініміз өкінішті-ақ. Дәлірек айтсақ, ұят!

понедельник, 17 марта 2008 г.

Alla uiinin atauy oilantady


Әділет министрлігі Діни комитет мамандарының берген мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстандағы мешіттердің саны жыл басында 2227-ге жетті. Әрине бұл – ресми тіркеуден өткен мешіттер. 2008 жыл басталғалы бері бұл сан тағы да бірнеше мешітпен толығуда. Мәселен, түнеукүні ғана Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданындағы Аңғал батыр ауылында жаңа мешіт ашылып, жұма намазы оқылды. Ауданда бой көтерген жетінші мешітті ауыл тұрғындарына жергілікті кәсіпкерлер тарту етті. Алла үйін салған не салдырған азаматтарға алғыстан өзге айтар артық ауыз сөзіміз жоқ. Әрбір мешіттің мүмин халықтың исламға бет бұруына қызмет етіп жатқанына шүбә келтірмес болар. Қасиетті Құран кәрімде: «Егер кімде-кім артына мешіт салып кеткен болса және ол мешітте ғибадат етушілердің саны молая берсе, оны салған адамның о дүниелік өміріндегі амал дәптеріне жазылатын сауабы да көбейе түспек. Аспандағы сансыз жұлдыздар түн ішінде қалай жарқырап көрінсе, жер бетіндегі мешіттер де сондай болсын» делінеді. Дегенмен бүгінде мешіт салуды о дүниелік сауап үшін емес, осы дүниедегі атақ-даңқы мен мәртебесі үшін ғана қолға алып жатқандар жоқ емес. Ең сорақысы – адал еңбек емес, кісі мойнынан желінген арам ақшаға бой көтерген мешіттер де бар...
Иван атындағы мешітке барып жүрмесек болғаны...
Соңғы жылдары жеке кәсіпкерлер мен қалталылардың мешіт салуға деген құлшынысы күшейіп кеткені рас. Әлбетте, құптарлық та, қолдауға лайық жайт екенін әлгінде де айттық. Өкініштісі, Алла үйлеріне кез-келген адамның есімі беріле беретін дәстүр пайда болғандай. «Атың шықпаса, мешіт сал». Қалталылардың қазіргі ұраны осы тектес. Неге? Әкеңнің атымен мешіт аталса, ұрақ үшін одан артық даңқ керек пе бүгінде? Рас, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл келеңсіздікке қарсы күресті бастапты. Діни басқарманың мешіт істері жөніндегі бөлім меңгерушісі Еркінбай қажы Дуанаев мешітке атын беруге лайық адамдар тобын анықтап берді.
-Жалпы Ислам заңы бойынша, кісі атын мешітке беру – қолданыста бар нәрсе. Шариғат оған қарсы келмейді. Бұл барлық мұсылман елдеріне ортақ дүние. Алайда мешіт атауы діни араздық, алауыздықтың тууына мұрындық болмауы керек. Сондықтан біздер, діни басқарма алқасының мүшелері еліміздің қай аймағында болмасын ашылған мешітке қандай ат беруге болатынын шешіп отырамыз. Ең біріншіден, мешітке Әбубәкір Сыдық, Әбу Әли сынды дін ғұламалары, жергілікті имамдардың атын беруге болады. Екіншіден, Ислам репрессия, соғыс кездерінде дін жолында шейіт болған тұлғалардың есімін Алла үйіне беруге қарсы емес. Сондай-ақ елдің белгілі, елге еңдегі сіңген, өмірі тақуалықпен өткен қадірлі жандардың есімін де мешітке берсе ағаттық болмайды. Алайда өмірі күмәнді, күнәсі көп жандардың атын мешітке қайтсе де, бере алмаймыз, - дейді Еркінбай қажы.
«Үй ішінен үй тігу» кімге керек?
...Дегенмен Ислам шартына да, діни басқарманың талаптарына да бағынбай жүрген мешіт салушылар табылып жатыр. Олардың дені мешітті тек өз қалауындағы адам есімі берілетін болса ғана, салуға бар. Діни басқарма қарсы болған жағдайда өз алдына дербес діни басқарма ашып алып, соның аясында мешіт көтеріп жатқандар жоқ емес. Жоқ емес-ау, бақандай отыздың үстінен асып жығылады. Ең өкініштісі де сол, олардың немен айналысып, дінді қалай уағыздап отырғанын Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы ешқалай да қадағалай алмайды. Оған құзырлары жоқ. Ал жеке діни басқарма құруға біздің қазіргі қолданыстағы 1992 жылы қабылданған «Діни сенім және діни бостандықтар туралы» Заңымыз рұқсат беріп отыр. Бірақ «үй ішінен үй тігу» кімге керек?
Мешіт мәселесінен шығатын тағы бір проблема – діни бірлестік құрып, өз дегендерін жасап отырған түрлі діни ағымдардың мәселесі болып табылады. Қазіргі таңда бір Алматы қаласының өзінде 40 конфессиядан тұратын 200-ден аса діни бірлестік жұмыс жасайды. Оның ішінде 41 ислам, 16 православия, 6 католицизм, 3 иудаизм, 1 буддизм, 144 протестанттық бағыттағы, 13 дәстүрлі емес діндер бағытындағы бірлестіктер тіркелген. Әділет министрлігі Діни істер комитеті төрағасының орынбасары Аманбек Мұхашевтің айтуынша, халықтың миссионерлердің алдауына түсіп қалуын тездететін нәрсе – бұл дәстүрлердің әрқилылығы мен еліміздің әр облысындағы діни ұстанымның да бірізді еместігі. «Сондықтан біз дінге қатысты барлық мәселені «Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігінде» шешуіміз керек. Ал дербес діни бірлестіктердің құрылуына мүлде тыйым салған дұрыс. Өйткені дін дегеніміз бір, ортақ сенім. Ислам – хақ дін. Аллаға ортақ, серік қоспаймыз ғой. Ендеше бір елде бірнеше діни бірлестік құрудың да еш қажеті жоқ» дейді қажы.
Заңға өзгеріс енгізу ісі кезек күттірмейді
Жыл басынан бері миссионерлермен күреске ерекше көңіл бөлініп, қатаң тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Мәселен, Алматы қаласында жергілікті билік орындарына миссионерлік қызметпен айналысу мақсатында келген 80 шетелдік азамат тіркелгені анықталды. Бұл өз діни ағымын мешіт ашу арқылы жүргізіп отырғандардың барынан да хабар береді. «Әрине бұл күресте ең алдымен сүйенетін тірегіміз – 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңға өзгеріс енгізбей болмайды» дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни уағыз, оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Әбдімүтәлі Қайназарұлы. Діни басқарма имамдары заңның солқылдақ тұсына өзгеріс енгізу үшін өздерінің ұсынып отырған бағдарламасымен де таныстырды. Олар ұсынып отырған бағдарламадағы біздің тақырыпқа қатысты тұстары төмендегідей болып өрілген:
-Бірқатар тарихи мешіттерді қайта қалпына келтіріп, кү­тімде ұстау үшін олар мемлекеттік “Мәдени мұра” бағ­дар­ламасына енгізілсе;
-Үй ішінен үй тігіп, асыл дініміздің атына кір келтіріп жүр­ген, Ислам атын жамылған түрлі күдікті діни бір­лестіктер мен жеке меншік мешіттер таратылып, сарап­тау­дан өткізілген соң ғана Діни басқарма ұсынысымен тіркелсе;
-Бірқатар мешіттердің жері жеке адамдардың меншігінде. Бұлардың жер актісі қайта қаралып Діни басқарма балансына берілсе;
-Облыс, қала, аудан орталықтарында халық тығыз қо­ныс­танған жерлерден ғибадат жасауына ыңғайлы болуы үшін, болашақ мешіттерге жер телімі Діни басқарма ұсы­ны­сымен ғана бөлініп отырса;
-Республика бойынша ашылған және ашылатын ҚМДБ ая­сын­дағы мешіттерге және діни оқу орындарына ма­териал­дық кө­мек тұрақты көрсетілсе және олар ком­му­налдық шы­ғын­да­рдан мүмкіндігінше босатылса немесе жеңілдік берілсе.

четверг, 13 марта 2008 г.

Tobylgy alde kok terek?




Мен, мен дейді, менмін дейді
Өрекпіген өр көңіл.
Сірә, кімнен кеммін дейді
Бәрімізде бір өмір.
Тағдыр салса талқысына
Шыдармыз, бек көнерміз.
Қам көңілдің қайғысына
Қалай ерік береміз.
Жүрексіздің жүгі жеңіл
Жеткізер ме жеріне
Күмәнім бар, күпті көңіл
Серілер сай сертіне.
Жүректі мен жүрексіз тұр,
Көк терек пен тобылғы
Қарап тұрсаң сүреңсіз бір
Сурет дерсің солғын тым.
Алайда сен түсін терең,
Мағынаға бөл көңіл.
Жалғыз сурет ішінде кең
Талай-талай көрме тұр.
Рухым менің бұл бейнеде,
Осал жерім осында
Табысатын үлкейгенде
Қасым да бар, досым да.
Бақытым да, сорым да осы,
Бар өмірім сыйып тұр.
Жұмбақ сурет-жолдасымды
Тасталмаспын қиып құр.
Жаныштайды еңсемді мұң,
Жолға салар жөн керек.
Кім боламын ертеңгі күн,
Тобылғы әлде көк терек?

вторник, 11 марта 2008 г.

Jana jahandyk tartip


Журнал жариялаған мақаланың негiзгi тақырыбы – ХХI ғасырдың iрi державалары хақында. Өткен дәуiрдiң озық елдер қатары жаңадан жасалмақ. Мақала авторы Даниел Дрезнер – Тафтс университетiнiң Флетчер атындағы құқық және дипломатия мектебiнде халықаралық саясат кафедрасында доцент қызметiн атқарады. «Барлық саясат жаһандық сипатқа ие» («All Politics Is Global») кiтабының авторы.

ҚҰЛПЫРУ МЕН ҚҰЛДЫРАУ

ХХ ғасыр желiсiндегi әлемдiк ұлы державалардың тiзiмi тым қысқа болды. АҚШ, Кеңестер Одағы, Жапония және солтүстiк батыс Еуропа елдерi ғана ауызға iлiгедi. Ал ХХI ғасыр үлкен өзгерiстер әкелмек. Экономикалық және саяси тұрғыдан Қытай мен Үндiстанның ауыр салмаққа көшерi сөзсiз. Алғашқысының алтын қоры триллион доллардан асып түссе, кейiнгiсi жоғарғы технологиялар секторын өркендетуге барын салып жатыр. Екеуi де ядролық қаруы барын ашық түрде жариялаған мемлекеттер. Оның үстiне әскери-теңiз флоттары да бар. АҚШ Үкiметiнiң ғылыми орталығына қарасты барлау жөнiндегi ұлттық кеңестiң болжамдарына қарағанда, 2025 жылға қарай Пекин мен Дели экономикалық даму индекстерi бойынша әлемдегi екiншi және төртiншi орындарға көтерiлмек. Ал мұндай қарқынды даму үдерiсi сонау 1940 жылдан берi қалыптасып келген халықаралық жүйеге қанжар кезенерi хақ. Басқару жұмысында Вашингтон басты рөлдi атқаратын бұл әлемдiк жүйенiң соңғы алты он жылдықта қаржы рыногына, бағаны тұрақтандыруға, ядролық қаруларды таратпау шараларына барынша ықпал етiп келетiнi белгiлi. Мiне, осы жүйеге енбей, Қытай мен Үндiстанның болашағы бұлыңғыр болмақ. Алайда кiшi Буштың соңғы алты жылдағы жұмысының барысын бақыласақ, АҚШ-тың аталмыш мәселенi оп-оңай шеше қоюы неғайбыл екенiн көремiз. Еске түсiрсек, үлкен Буштың әлемде «жаңа жаһандық тәртiп» орнатудағы атқарған жұмысын бүгiнгi ел президентi өзiнше соқпаққа бұрып әкеттi. АҚШ лидерi екi бағытты таңдады. Бiрiншiсi бойынша демократияны орнату және халықаралық терроризммен күрес желеуiмен Иракқа тiзе батырды. Алайда осының нәтижесiнде пайда болған антиамериканизмнiң салдарынан Буштың екiншi бағыты тасада қалып қойды. Ал оның екiншi бағыты – дамушы мемлекеттердi көтеру арқылы әлемдiк жаңа тәртiптi орнату болатын. Бұл жөнiндегi АҚШ-тың арнайы бағдарламасы ерекше әзiрлiкпен дайындалғанымен, оны iске асыруда кездесетiн кедергiлер де жоқ емес. Ең алдымен Қытай және Үндiстан секiлдi қарқынды даму жолындағы елдерге созылған қол ұшы басқа елдердiң экономикалық ахуалының нашарлауына әкелiп соғары хақ. Екiншiден скептикалық көзқарастағы Аргентина, Нигерия және Пәкiстан секiлдi мемлекеттер жаңа екi алпауыттың пайда болғанына қарсыласып бағады. Алайда осының бәрiн таразыға салған кезде АҚШ үшiн Қытай мен Үндiстанды қатарға қосудың қажеттiлiгi басым түседi. Өйткенi бұл екi елге халықаралық ұйымдардың қақпасы айқара ашық болмаса, олардың өздерiнiң жаңа ұйымдар ашуға құрықтары жетедi. Ол жағдайда АҚШ бұл ұйымдарды тек сырттан ғана бақылай алатын болады.

БАСТАУ

1940 жылдар ортасында Бiрiккен Ұлттар Ұйымы, Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзiлiк банк, ал онжылдық аяғында Тариф пен сауда жөнiндегi бас келiсiм (ГАТТ) және НАТО ұйымдары құрылған кезеңде АҚШ батыс әлемiнiң талассыз лидерi болатын. Ал аталмыш ұйымдардың жұмысы Америка мен оның еуропалық одақтастарының қалауы бойынша жүргiзiлдi. Әрине Франция мен Ұлыбритания бiрнеше ғасырлардан берi ұлы держава мәртебесiн иеленiп келедi. Оларға БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiнiң тұрақты мүшесi болу мiндетi жүктелген. Ал Халықаралық валюта қорының жарғысына сәйкес, Қордың директоры қызметiн мiндеттi түрде еуропалық елдiң өкiлi атқаруы тиiс.
Алайда бүгiнде жағдай бiршама өзгерген. «Goldman Sachs» және «Deutsche Bank» банктерiнiң болжамынша, 2010 жылы «БРИК» тобы аталатын Бразилия, Ресей, Үндiстан және Қытай елдерiнiң жылдық ұлттық кiрiсi АҚШ, Жапония, Германия, Ұлыбритания және Италия елдерiнiкiнен озып кетсе, 2025 жылы «G7» тобындағы жоғары дамыған жетiлiктiң ұлттық кiрiсiнен 2 есеге асып түсуi мүмкiн. Расына келгенде мұндай экономикалық өсiм 1990 жылдардың басында-ақ байқалған болатын. Алайда Вашингтон билiгi жұмыс жасап жатқан халықаралық ұйымдарды қуаттау арқылы дамушы елдердiң халықаралық институттар жұмысына араласуын кешеуiлдетiп тастады. Ашып айтсақ, ГАТТ Дүниежүзiлiк сауда ұйымына айналып шыға келсе, НАТО құрамына Шығыс Еуропа елдерiн қабылдап, керегесiн кеңейттi. Осылай 1989 жылы құрылған Азия-Тынық мұхиты бiрлескен экономикалық ұйымы мен 2001 жылы Қытайдың ДСҰ-ға кiруiнен (әрине үлкен қиындық, кедергiлерден кейiн) өзге дамушы мемлекеттердiң халықаралық ұйымдарға араласуының нышаны байқалмады. Бiрақ дамушы мемлекеттер тарапынан АҚШ-қа деген наразылық пен қарсылық қатталып, жинала түстi. 1990 жылдары Азияда орнаған қаржылық дағдарыс кезiнде халықаралық валюта қорының көмек қолын созбауы, 1998 жылғы Үндiстан өткiзген ядролық қару сынағын Вашингтонның қуаттамауы Дели билiгi наразылығын тудырса, Дүниежүзiлiк сауда ұйымына кiрер тұста көп кедергiлерге ұшыратқаны үшiн Қытайдың АҚШ-қа деген өкпесi қара қазандай. Оның үстiне НАТО әскери күшi арқылы Косовоға жасаған шабуыл, Белградтағы Қытай елшiлiгiнде болған жарылыс Қытай ұлтшылдығын оятты. Бiр сөзбен айтқанда, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан елдер жаңа мыңжылдық табалдырығын Америкаға деген асқан наразылықпен аттаған болатын.

ЖАҢА БАҒЫТ

Бүгiнде АҚШ-тың ниетi өзгерген. Ұлы державалар қатарынан Қытайды көруге кет әрi емес. Өйткенi 1980-жылдары әлемдiк экономикалық белсендiлiктiң 50 пайызы «G7» тобындағы жетiлiктiң үлесiне келетiн. Ал қазiр Ресей қосылған «G8» пiшiнiнiң өзiнде Қытайдың экономикалық ауыр салмағынсыз экономикалық үстемдiктi ұстап тұра алмайды.
2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-қа жасалған террорлық актi мен оған қарсы АҚШ-тың Иракқа ашқан соғысы жайында көптеген кiтаптар жазылғаны белгiлi. Олардың көпшiлiгi Вашингтонды демократияландыру жұмысын дипломатиялық жолмен емес, күш көрсету арқылы жүргiздi деп айыптайды. Осы оқиғалардан кейiнгi АҚШ билiгiндегi кадрлардың ауысуын да осы айыптауларға байланыссыз болды дей алмаймыз. Тоқ етерi – АҚШ-тың дамушы елдерге ден қоя бастауы мемлекеттiк хатшы қызметiне Кондолиза Райстың келуi, қаржы министрi болып Генри Полсонның тағайындалуымен тiкелей байланысты.

БАТЫЛ ҚАДАМДАР

Ендiгi әңгiменi жаһандық күштердi жаңаша жасақтаудағы АҚШ-тың атқарып жатқан жұмыстарымен жалғасақ. Ең алдымен АҚШ мемлекеттiк аппаратында Қорғаныс министрлiгi үлкен өзгерiстерге қозғау салды. Айталық 2004 жылы Американың ел шекарасы сыртындағы 250 мың әскерi 45 елде орналасқан болса, Буш жарлығымен осы әскердiң белгiлi бөлiгi елге қайтарылып, қалғаны жаңа қауiп аймақтарына орналастырылатын болды. Ал бұл аймақтарға негiзiнен Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Тынық мұхиты аймағы жатады. Екiншi жағынан Вашингтон Делимен қарым-қатынасты жақсартудың жолын iздестiруде. Өткен мыңжылдықтың соңғы он жылдығында АҚШ Үндiстан мен Пәкiстан арасындағы Кашмирге қатысты дауды шешуге атсалысқаны белгiлi. Бұл әрекет өз жемiсiн бермей қойған жоқ. Пәкiстанның АҚШ-тың терроризмге қарсы күрестегi негiзгi одақтасы екенiне қарамастан, соңғы 5 жылда АҚШ-Үндiстан қарым-қатынасынан жылылық лебi сезiледi. Өткен жылы мемлекеттер басшылары ядролық энергияны бейбiт мақсатта қолдану жөнiндегi екi жақты келiсiмге қол қойысты. Бұл дегенiмiз АҚШ Үндiстанды ядролық держава ретiнде мойындады деген сөз. Бұған қоса Буш әкiмшiлiгi Халықаралық валюта қорынан Қытайдың өзгелерден көбiрек дауыс алуына жағдай жасап отыр. Бiрақ әзiрге АҚШ батыл қадамдарға ойланбастан барғанымен, нәтижесi көңiлден шығар емес. Қытайдың ХВҚ-нан алған дауыс квотасы 2,98 пайыздан бар болғаны 3,72 пайызға көтерiлген.

ТАҚЫРЫП ТҮЙIНI

Ал АҚШ-тың «G20» тобын құру жөнiнде танытқан ықыласына осы топтан үмiткер елдердiң өзi iшкi нарығын айқара ашқысы келмейтiнi кедергi келтiрiп отыр. Тағы бiр кездесетiн қиындық - АҚШ-тың жанына жаңа одақтастар тарту үстiне бұрынғы батыс Еуропа елдерiмен де қатынасын үзгiсi келмейтiндiгi. Өйткенi АҚШ екi одақтас топтың да тiлiн тапқанымен, өзге «екi қошқардың басы бiр қазанға сыя қоюы» неғайбыл нәрсе. Расын айтқанда, АҚШ-тың жасаған стратегиялық жоспары керемет, бiрақ орындалуы өте қиын. Екi одақтас топтың бiреуiнен қол үзу қаупi зор. Бiрақ таяқтың екi ұшы да АҚШ-қа жайлы тимесi анық. Егер Қытай мен Үндiстанға халықаралық жүйенi басқару iсiне араласуға тыйым салатын болса, екi елдiң де ұлтшыл тобы көтерiлерi сөзсiз. Тiптi қазiрдiң өзiнде Қытай АҚШ-тың құрығы жетпейтiн халықаралық институт құрып үлгердi. Құрамында Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжiкстан және Өзбекстан елдерi (бақылаушы мемлекеттер - Үндiстан, Иран, Моңғолия, Пәкiстан) кiретiн Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекеттердiң әскери және энергетикалық мәселелердi бiрiгiп шешуiне жағдай жасауда. Ал 2006 жылы Пекинде өткен ШЫҰ саммитiнде Иран президентi Махмуд Ахмадинежад «Ұйым мiндеттерiнiң қатарына жоғары дамыған елдердiң басқа мемлекеттердiң iшкi iсiне араласып, ықпал етуiне кедергi жасау шарасын да қоюымыз керек» деген болатын. Дәл осы саммиттен кейiн ШЫҰ декларациясында «Әр елдiң мәдениетi, дәстүрi, саяси және әлеуметтiк жүйесiндегi айырмашылықтар сол елдiң iшкi iсiне араласуға себеп болмауы керек» деген тармақ пайда болды. Түптеп келгенде, бұның Вашингтонға жасалған қарсылық екенiн аңғару аса қиынға соқпайды.
Ал Қытай мен Үндiстанды бауырына тартып, бұрынғы одақтастарынан бас тартқанның өзiнде онсыз да антиамериканизм ауруына шалдығып үлгерген ЕуроОдақ мүшелерi АҚШ көзқарасымен сәйкеспейтiн халықаралық институттар құруы әбден мүмкiн.
Қорыта айтқанда, бүгiнгi таңда АҚШ-тың болашағы бұлыңғыр. Оның алдында - сүзеген екi қошқардың басын бiр қазанға сыйдыру мiндетi тұр...

Jyr dulduli - Jumatay


Бiр күлермiн ғарыш жаққа кетерде,

Мен несiне көп кещеге кектенем.

Бiзге өлiмнiң қолы, сiрә, жетер ме,

Мұқағали, Төлегенге жетпеген.
Рас, бедел мен бақ, ақыл мен даңқты талғамайтын ажал құрығынан құтылған асау әлi туған жоқ. Алайда, биiк болмысымен дараланып, өшпес өнеге, өлмес өлең қалдырған хас таланттарды арамызда жоқ деп қалай айтарсың? Тiптi ауыз бармайды. Олар мәңгi жүрегiмiзде.
Тарлан ақын Жұматай Жақыпбаев жайлы сөз қозғағандда осындай ойға келесiң. Иә, жұмбақ ақынның өмiрi де жұмбақ, өлеңi де жұмбақ. Жұмағұл-Шора Сағадиұлы Жақыпбаев жасынан өнерлi де зерек болған дейдi. Серiлiк етпегенiмен, кербез ақын бойынан салдарға тән барлық қасиет табылады. Сымбатты, көрiктi, Кенежирендей бәйгi атын баптап, үкiлi домбырасымен үзiлтiп ән шырқаған. Оның ақиық ақын екенi алты Алашқа белгiлi. Домбырасы қолынан түспей, көкейдегi күй екпiнiмен әсем тiркестердi түйдек-түйдегiмен парақ бетiне тiзе беретiн болған. Топтап-топтап жарыққа шығаруға асықпаған. Алдымен iзбасар iнi-қарындастарына оқып, жас буынның пiкiрiн бiлiп, араға уақыт сала өңдеген, кесiп-пiшкен.
Жұматай лирикасы жайлы ұзақ түндер әңгiмелеп, тойымсыз көңiлге таусылмас азық жинауға болады. Ақын өлеңдерiндегi басты ерекшелiк — оның қазақы қалыпты, тұрмыс тiршiлiгiн бедерлеп, безендiрiп, сана мен сезiм сүзгiсiнен қатар өткiзiп, әлемдiк деңгейде жеткiзе бiлуi. Бұл, әсiресе, оның «Көктеудегi көрiнiстер, сұр тұсақ, қойшы бала және Гарсиа Лорка» балладасынан айшықты көрiнiс табады. Төлiнен жерiген тұсақтың оғаш қылығын арқа сүйер азаматын өзекке теуiп, айдауға жөнелткен елдiң ерсi әрекетiмен шебер салыстырады.
Ақынның музасы - Ләйлә. Мыңнан астам өлеңi ару Ләйләға арналған. Бiр тақырыпқа жазылған сонша өлеңнен бiр ұқсастық таппайсыз. Тоқсан жолдың торабынан тартып әкеп, өлең құрайды. Ләйлә бейнесiн сомдауда Жүсiп пайғамбар сұлулығынан ұрлағандай, қалыпты пiшiнге сыймайтын керемет теңеулермен сөз саптайды. өлең идеясы да ғашық болса, ғазал айтатын араб халқы бәйiттерiндей емес, терең сырлы, көркем де келiстi. Айталық, ақынның:
...Тек сенбi мен жексенбiнi жек көрем,
Сенi маған көрсетпейтiн күндердi...
немесе:
...Адам қатар өсiрген айламенен,
Айнала ағаш, жап-жасыл
айнала - емен.
Көлеңкеден шығасың...
Басталады бiр фильм «Ләйлә» деген...
деген өлең жолдары өр көңiлдiң өзiн табанға жығып берердей қуатты.
Жұматай тұлғасының биiктiгi бiр ақындығымен дараланбайды. Оның төрт күйi бар: «Ләйлә келген», «Зайда көрген», «Қажытай» және «Жұматайдың жұпбасары». өкiнiштiсi, күйлердiң бүгiнде бiрi де қағазға түспеген, халық арасына тарамаған. Бiлетiн бiрер ғана жан бар. Олар - шайыр шаңырағының астындағы туыстары. Марқұм ақынның рухының ризалығы үшiн осы күйлердi нотаға түсiру жұмысы әлi қолға алынбай келедi.
Жұматайдың байсалдылығымен қатар, терең тапқырлығымен де шоқтығы биiк. Қалжыңы астында ауыр сын, сынының астында үкiлi үмiт, сенiм жатады. Ақынның жүйрiгi Кенежирен сәйгүлiктi ағасы Шора малға айырбастап жiбергенде жазған мына шумағы езуiңе ерiксiз күлкi, ақылыңа ашу үйiредi.
Көрмегенiң жұрттан қалған мал бiлем,

Жиренiм жоқ, ендi менiң қалды нем?

Жұрт ағасын айырбастай бастаса,

Шөке, сiздi өткiзер ем алдымен.
-деп, көңiлiндегi ауыр құлазуды, күңiрене баяндап, ағаның қате қылығын әжуәмен әшкерелейдi. Келесi бiрде ақын Есенбай Дүйсенбаевтың тiлегiне орай мына бiр шумақтарды оқып берген екен.
Талайды оқып, талайды көрiп,
өткенмен, пай-пай, оңбайды жеңгем.
Баласын кейде сабайтын келiп,
Мао-Цзе-Дундай торғайды жеңген.
Қайтпаса беттен жарады дер ем,
Iсiне барлық кiсi едi берiк.
Ағамның арақ-шарабыменен,
Айқасқа сосын түседi келiп.
Қайтарар жауап жаңа күшпенен,
Жасардай ағам бiр атақты ерлiк.
«Адольф Гитлер арақ iшпеген,
Ал содан қандай рахат көрдiк?..»
Жұматай жырсүйер қауымның, әсiресе, студент жастардың жүрегiнде керемет күй ойнатады. Ол бiз үшiн жыр жазудың мәңгiлiк университетi боп қалмақ.

среда, 5 марта 2008 г.

Ulttyk ruh

Ұлттық рух жайында кең көсіле сөйлеп, парақтан парақ ауыстырып небір сырлы сөзбен дастандар да жазуға болар ма еді? Бірақ, рухсыз жүректен рухты сөз шыға ма, керісінше, рухты сөз рухсыз жүрекке жете ме? Әйтпегенде, рухани қазына дейтін асыл кітаптарымыз сөрелердің шаңымен айырылыспас дос болар ма еді? Жә, ұлттық рух дегеніміз ол болмақ емес...
Ең ғажабы, мен бүгін ұлттық рухты жолықтырдым. Иә-иә, мен бүгін ұлттық рухпен кездестім. Осыдан, төрт-бес, тіпті, екі-ақ сағат бұрын шығар. Ол маған Сіз ойлағандай аян не құдайдың бұйрығы, кие, қасиет аталатын адам көзіне елеусіз нұр болып та енген жоқ. Кәдімгі өзіміз, Сіз бен біз сияқты екі аяқты, ет жүректі пенде болып келді. Рас, аз әңгімелестік, уақыт тар еді. Бірақ, көп әңгіменің алдағы күндер несібесі екеніне сеніп тарқастық.
Ол менің жұмыс орыныма келген-ді. Дәлірек айтсақ, қызметке орналаспақ ниетте кепті. Жұмыс пен табыс, асығыстық пен айқай-шуы мол біздің ұжым оның әлемінен мүлде бөлек-тін. Бірақ, ол ортаға тез сіңіп кетті. Сіңген жоқ-ау, жұмыртқаның сарысы құсап ортаға кіріп алды да, өз әлеміне мені тарта бастады. Мен оңай-ақ еніп кеттім. Әшейінде екі сөздің арасына еріксіз еніп кететін кейбір «мигрант» сөздер маңызын жоғалтып алғандай. Ауызға түспейді. Шамасы ұлттық рух оларды кері тебетін сықылды.
Біршама уақыттан соң жұмыртқаның ағы қыса бастады ма, тысқа шықтық. Әлі қыс бітпесе де, көктемнің самалы сезіледі. Рухы мықты жанның жанында жүру де бақыт. Әудем жерді жаяу өткердік. Жолай, банкоматқа соғу қажет болды да, аяғымыз «Сарыарқа» кинотеатрына қарай бастады. «Батырға оң-солы бәрібір» дегеннен емес, қолдың қалай тигеніне қарай, банкомат қызметінің тілін таңдауға аса мән бере қоймайтынмын. Бұл жолы да көңілден жүйрік саусақ орыс тілін таңдап жіберді. «Сіз қазақ тілін таңдамайды екенсіз ғой!» Бас-аяғы алты сөз ғана айтылды. Бірақ осы сөздер маған жекігеннен де ауыр, екі сағат бойы дәріс оқитын ұстаздардың ұлағатынан да ұғыныңқы еді. Дереу карточкемді суырып ап, ақшаны ұлт тілінде алдым...
Рухсыз әлемде ұлттық рухтың өмір сүруіне қиын шығар. Әсіресе, тілшілер қауымы үшін. «Менің байқағаным, журналистік жолды таңдағаннан соң, қаласаң да, қаламасаң да қасқыр болуың керек екен, Нұрболат! Онсыз рухыңды жоғалтып аласың». Келіспеске шара жоқ. Дегенмен көңіл сенгісі келмейді қашанғысынша...
Жолайрыққа жеттік. Бүгінгі әңгімеде мен шешенсімедім. Қимастықпен қоштастық. Бірақ, әзірге ғана. Мүмкін қызметтес те болып қалармыз. Әйтеуір, тілшілік тірлік өмірде кездестірмей қоймасына кәміл сенесің...
«Сен аман болшы, рухани дос, Кәмшат...»

понедельник, 3 марта 2008 г.

Aijannyn "Bala armany"


Танымал әнші Алтынай Жорабаевамен бірге «Бала арман» әнін шырқап жүрген жас талап Айжан Қасымберкебаева аз уақыт ішінде тыңдарман қауымның сүйікті әншілері тізіміне еніп үлгерді. Сахнада шырқаған сәттерін былай қойғанда, жастардың ұялы телефондарының кез-келгенінен-ақ бүгінде «Бала арманды» тыңдауға болады. Ал таяуда ғана Айжан «Тақиялы періште» кинофильмінен белгілі «Мама» әнін жазып болды. Бұл - жас әнші репертуарындағы алғашқы ретро ән болып отыр.
Айжан алғаш жеті жасында Алматы қаласындағы өзі білім алған №13 орта мектеп сахнасында ән шырқаған екен. Анасы Қыдырбаева Фатима қызының сәби кезінде-ақ әуезді үнге, әсем ырғаққа елтитінін байқапты. Содан баптап, шыңдап, дәстүрлі әнге жақын өссін деп домбыра курсына қатыстырып, ән әлеміне бағыттайды. «Анамның асқақ арманы, менің бала арманым - әнші болу еді. Қазір осы сара жолға түскенім үшін анама алғысым шексіз» дейді Айжан.
Жас талап жоғарғы сатыдағы бәйгелерге 2004 жылдан бастап қатыса бастады. Дәл осы жылы Талдықорғанда өткен «Жетісу жұлдыздары» конкурсына қатысып, дипломант болса, «Әнші болғым келеді» байқауының лауреаты атанады. Осыдан кейін Айжанға әншілік әлемнің қақпасы айқара ашылады. Мәскеуде өткен халықаралық ән байқауында, Сочи қаласында өткен «Еуропа үміті» конкурсында бақ сынап, үшінші орынға қол жеткізеді. Сондай-ақ, «көрермен көзайымы» атанады. Айжан бұл байқауларға «Елімнің жүрегі – Астана», «Сен алғаш гүл бердің көктемде» әндерімен қатысқан болатын.
Қазір жас әншінің репертуарында 7-8 ән жиналған. Оның ішінде ең танымалы – «Бала арман». Ән – Мақсат Жәутіковтікі. Онан өзге «Жан досым», «Мама», «Достарым» сынды бірқатар әндер де бар. Ұстаздары Ләззат Оралова мен Алтынай Жорабаеваның ән таңдау, өнер әлемінің қыр-сырын игеруде көп көмек көрсеткенін айтады. «Негізгі демеушім - әкем. Әкемнің маған сіңіріп жатқан еңбегі өлшеусіз» дейді Айжан. Жас әнші енді танымал сазгер Арман Дүйсеновке жаңа ән жаздырып жатыр екен. Бұл ән Айжанның жыл аяғына жоспарлап отырған ән кешінде тыңдармандарға тарту ететін басты сыйы болмақ. Ал альбом шығару мәселесінде Айжан асығыстық жасауды ағаттық көреді. Албом шығару үшін алдымен репертуарын таңдаулы әндермен толықтырып алуды жөн санайды. «Әйтпесе көп альбомдардың ішінде бір-екі туынды ғана ән сүйер қауымның көңілінен шығып, қалғаны қалыс қалып жатады ғой» дейді ол.
Жас әнші қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 1 курсында оқиды. «Бала күнімнен осы мамандыққа баруды армандадым. Бірақ болашақта әншіліктен біржола тілшілік әлеміне ауысып кеткім келмейді. Қолдан келсе, екеуін де қатар алып жүргенге не жетсін?» дейді Айжан.

Urpak tazalygy jane ulttar dostygy

-Қай ел боласың, інішек?
-Ажыратып бағыңыз, аға. Әкем молдаван, шешем қазақ, әжем тіпті орыс болған дейді.
-Е-е-е, көңіліңе келсе де, айтайын, інім. Тексіз екенсің ғой...
-Жөн ғой, аға, бірақ өз қаныңыздың тазалығына кепіліңіз бар ма?
-???
***
Қазақ халқы қан тазалығына қатаң қараған халық десек те, ғасырлар желісінде ұлтаралық байланыстар некемен де астасып жатқанына тарих парақтары куә. Рас, «әр жыртықтың өз жамауы бар», бүгінгі таңда аралас неке деп ашық айтып жүргенімізбен, әр қоғамдық кезеңде осы бір байланыс түрін өзіндік бір атаумен бүркемелеп келдік. Жоңғар, моңғол шапқыншылықтары ұрпақ тазалығының бұзылуына едәуір ықпалын жүргізгенін білеміз. Бұл шақты жаугершілік заман, «білектің күші мен найзаның ұшымен» түн қата ұрыс қылған заманға не кінә тақпақпыз, қыздарымыздың жатжұрттық жаулардың жауырынының астында қалғаны да рас. Бірақ, бастысы ұлттық намысымыз жойылған жоқ деп өзімізге жұбату айттық. Алайда неке араластығы бұл шақпен толастап қалған жоқ. Сары баланың көзі қысыла түсіп, шаштың да алуан түсі айшықтала берді. Көп заманның күнәсін кейінге тастап, Кеңестік кезеңге келейік. Ұлтаралық неке жайына қалып, дінаралық отбасы одақтары құрыла бастады. Рас анығын айтайық, құдайшылықтан бас тартқан империяның атеистік ұстанымы көптеген жөнсіздіктерге жол бергенімен, бұның бәрін ұлттар достығы деп атап, тағы жылы жабумен келдік. Революциядан кейін атеизм ассимиляцияға алып келді. Аралас некеден тіған ұрпақтар екі ұлттың салт-дәстүрінің қайсысына бейімделерін білмей, біраз екіжақты күй кешкені рас. Бұл санаға ата-ана қарсы болғанымен, ұлттар достығын үлгі еткен кеңестік кезең құптаумен болды. Басқаша айтқанда сезімге саясат араласты ма, саясатқа сезім араласты ма, бұл жағын ажырату қиынға соғады. Әйтеуір сана қанды жеңіп әкетті. Әсіресе, 1920-30 жылдары татар қыздарын алған қазақ жігіттері көбейіп кеткен-ді. Орыс пен татар арасындағы некенің де шарықтап кеткен шағы осы кезең. Ал Қонаевты орнынан тайдырып, басшылыққа Колбин келген тұста аралас некеден туған ұрпақты өзге елдерге достықтың кепілі ретінде таныстырғанымыз да жалған емес.
Жә, кеңестік шақ та келмеске кетті. Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң қан тазалығы тұрақталу қажет еді, күткеніміз әлі орындалған жоқ. Дінаралық некелер көбейіп, қыздарымыздың шетел асып, батыстық жігіттерге тұрмысқа шығуы жиілеп барады. Бұған да «демократиялық қоғамда не істесең де еріктісің» деп көз жұма қарауға болар еді, мына мәселені қараңыз. Кришнаиттік дін ұстанатын жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызы (өзі де кришнаиттікке өткенімен, әке-шешесі мұсылмандар) қайтыс болып жатса, марқұмды қай діннің салты бойынша жерлемек? Күйеу жағы өздеріне тартатыны рас, бірақ «бауыр етін» мұсылманша жерге бермеуге әке-шешесі қалай шыдамақ? Сол секілді қос ұлттағы әке-шешенің ұрпақтары не істейді?Әке қанының желісімен тартып, әке ұлтының ұрпағы саналғанымен, отбасында екі тәрбие, екі салт, екі түйсіктің қыспағында қалады емес пе? Бұдан кейін туындайтын түсінбестіктің баланы сөзсіз адастыратыны рас. Ендеше, ұлт достығы үшін барын аямайтын халқымыздың бір сәт ұрпақ тазалығын да ойлап қойғаны жөн болар еді. Әйтпесе, қазағымның ұлттық бейнесі сақталғанымен, ұлттық болмысынан түк қалмайтын түрі бар.