понедельник, 5 мая 2008 г.

Burkittin tagdyryn sot sheshedi

Еңбекшіқазақ ауданы, Нұра ауылының тұрғыны, қария құсбегі Насыр Мәметовтің қос бүркітінен айырылып қалғанына, бір жылдан асыпты. Республикалық бүркітшілер сайысына қатыстыруға баптап, «енді, міне» деп отырған сәтте облыстық орман шаруашылығы мамандары қаруланып кеп, қарияның құстарын тартып әкетіпті. Сондағы таққан айыптары – бүркіттерге чип тағылмаған. Ақсақалдың айтуынша, ол құстарға чип тағу қажеттігін кейін ғана естіген. Оған дейін орман шаруашылығынан ешкім де келіп, не ескертпеген, не ақпараттандырмаған болып шықты. Тек 2007 жылдың төртінші айының төрті күні автоматпен қаруланып келген де, әй-шәйға қарамастан, бүркіттерді алып кете барған. Н.Мәметовтың өзі «Жалайыр Шора» құсбегілер орталығының белді мүшесі. «Он сегіз жылдан бері баптап келген құстарды бір жыл бойы бапсыз қалдыру деген, оның тырнағын не тұмсығын қырқып тастаудан да қауіпті», – дейді Н.Мәметов. Оның құстары – талай мәрте түрлі дәрежедегі бәйгелердің алдын бермей келген бүркіттер. Бүгінде ол құстар орман шаруашылығының арнайы хайуанаттар бағында ұсталып отырған көрінеді. «Бап көрген, түлкі, қасқыр алатын құстарды тар қапаста ұстау – қырандарды қорлау ғой. Тым құрығанда, басқа құсбегінің қолына берсе де не кетеді? Елімізде онсыз да құсбегілік өнерді жаңғыртуды енді-енді ғана қолға алып жатқанда, қолында билігі барлардың мына қылығын түсіне алмай қойдық», – дейді Н.Мәметов. Ашынған ақсақал құстарын қайтаруды сот арқылы шешіп жатыр. Сот мамырдың 5-іне белгіленіпті. Қыран құстардың тағдыры қансонарда емес, Шелек ауылдық сот ғимаратында шешілетіні тым күлкілі-ақ.

Uilengimiz keledi-ak...

Еліміздің демографиялық ахуалына үңілсеңіз, түрлі жағдаятқа көзіңіз қанығады. Соңғы екі-үш жылда дүние есігін ашқан бала санының өскеніне қалпағымызды көкке атқанымызбен, отбасы құрушы жастарымыздың аздығы қатты алаңдатады. Әсіресе, мұрты тебіндеп қана емес, бурылдана бастаса да, үйленуге асықпайтын жастардың жайбасарлығы қынжылтып тұр. Ай арулардың да жайы осындай. Қызмет қуып, гендерлік саясатты өзінше саралап түсінген қыздар қауымы да жасы отыздан асқанша тұрмыс құру жайын жоспарға енгізуден қалып барады... Халқымыздың демографиялық ахуалын жақсарту Елбасы Жолдауында өзекті мәнге ие болды. 2015 жылға қарай халық санын 20 миллионға жеткізу жоспарының бір бағыты да осы жас отбасыларды қолдауға негізделген.Белгілі демограф ғалым Мақаш Тә­тімовтің болжамдары алдағы 10 жыл­дың көлемінде жастар тойына зар бо­лып қалуымыз хақ. Олай дейтініміз – отау құратын жастағы бозбалалар мен бойжеткендер саны күрт азайып кет­кен. Ол көрсеткіш әлі де кемі оны жыл өтпей өсе қоймайды. Мақаш атаның уайымы да осы, жастардың үй болуға асықпауы – еліміздің демографиясына төнген қауіппен тең. Есеппен үйленетін жастардың отбасылық өмірі мәнді өтетіні де күмәнді. Өйткені есеп құ­рудың өзіне пәленбай жыл жұмсалып, жасы отыздан асқанда алғаш әке, ана атанатын жастар ары кетсе, екі-үш балалы болудан арыға бармасы сөзсіз. Ал шаңырақ үшін бір-екі уықтың аз­дық ететіні сынды балалардың аздығы да елдікті ойлаған ердің ісі емес. Адам баласының түсінігінде отбасы – шаттық ұялаған отау ретінде сақ­талса, оны халқымыз «Отан – отбасы­нан басталады» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген. Киіз туырлықты халық үшін қасиет пен киенің символы бол­ған бұл ұғым соңғы уақыттары өз мә­нін жоғалтып бара жатқаны сезіледі. Ақырында, ері үйдің иесі, әйелі үйдің киесі болған сонау дәуірлердегі дәс­түрлі отбасының классикалық үлгісін кейінгі ұрпақ көрмеден тамашалайтын күнге келмесек болғаны. Біз осылай аттандап жатқанда, жастардың пікірі тіпті де бөлек. «Үй болудан қашып жатқан біз жоқ, бірақ сәбилердің обалына қалмас үшін оларға тиісті жағдай жасауымыз қа­жет қой. Тым құрыса, басымызда бас­пана болса дейміз» дейді ба­сым көп­ші­лігі. Кейінгі жылдары той қамы да, оның жол-жоралғыларын ат­қару, жас отбасының еншісін беру – бәрі де еселеніп қымбаттап кеткеніне көз жеткізіп жүрміз. Қарапайым ғана той өткізуге 10 мың АҚШ долларынан кем қаржы жұмсалмайды. Ал жастарды отау қылып бөлек шығару – көп үшін қиялға ғана айналып кетті. Үй баға­сының қым­баттауы, «бала-шағамен көшіп-қонып қайда барам?» деген уайым да жас­тардың үйленуін тым те­жеп жіберген. «Қайта кейінгі кезде несие беріліп қана, біршама той осы қарыз ақшамен атқа­рылып жүр. Әйт­песе, бойдақ жас­тары­мыз бұдан әл­деқайда көп болар ма еді?» дейді ста­тист Есен Үсібәлиев. Иә, тойдан қар­жы аямайтын халық үшін несие­леу­дің бір пайдасы осы болды.Рас, жастардың әлеуметтік ахуалы олардың санасын билеп үлгергені бай­қалады. Десек те, «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайтынын» да естен шы­ғармаған жөн. Таразы басы тең емес. Бірақ қай жағы салмақты екенін тең­гергеннің оқырманның көңілі ғана сез­бек болар.