понедельник, 17 марта 2008 г.

Alla uiinin atauy oilantady


Әділет министрлігі Діни комитет мамандарының берген мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстандағы мешіттердің саны жыл басында 2227-ге жетті. Әрине бұл – ресми тіркеуден өткен мешіттер. 2008 жыл басталғалы бері бұл сан тағы да бірнеше мешітпен толығуда. Мәселен, түнеукүні ғана Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданындағы Аңғал батыр ауылында жаңа мешіт ашылып, жұма намазы оқылды. Ауданда бой көтерген жетінші мешітті ауыл тұрғындарына жергілікті кәсіпкерлер тарту етті. Алла үйін салған не салдырған азаматтарға алғыстан өзге айтар артық ауыз сөзіміз жоқ. Әрбір мешіттің мүмин халықтың исламға бет бұруына қызмет етіп жатқанына шүбә келтірмес болар. Қасиетті Құран кәрімде: «Егер кімде-кім артына мешіт салып кеткен болса және ол мешітте ғибадат етушілердің саны молая берсе, оны салған адамның о дүниелік өміріндегі амал дәптеріне жазылатын сауабы да көбейе түспек. Аспандағы сансыз жұлдыздар түн ішінде қалай жарқырап көрінсе, жер бетіндегі мешіттер де сондай болсын» делінеді. Дегенмен бүгінде мешіт салуды о дүниелік сауап үшін емес, осы дүниедегі атақ-даңқы мен мәртебесі үшін ғана қолға алып жатқандар жоқ емес. Ең сорақысы – адал еңбек емес, кісі мойнынан желінген арам ақшаға бой көтерген мешіттер де бар...
Иван атындағы мешітке барып жүрмесек болғаны...
Соңғы жылдары жеке кәсіпкерлер мен қалталылардың мешіт салуға деген құлшынысы күшейіп кеткені рас. Әлбетте, құптарлық та, қолдауға лайық жайт екенін әлгінде де айттық. Өкініштісі, Алла үйлеріне кез-келген адамның есімі беріле беретін дәстүр пайда болғандай. «Атың шықпаса, мешіт сал». Қалталылардың қазіргі ұраны осы тектес. Неге? Әкеңнің атымен мешіт аталса, ұрақ үшін одан артық даңқ керек пе бүгінде? Рас, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл келеңсіздікке қарсы күресті бастапты. Діни басқарманың мешіт істері жөніндегі бөлім меңгерушісі Еркінбай қажы Дуанаев мешітке атын беруге лайық адамдар тобын анықтап берді.
-Жалпы Ислам заңы бойынша, кісі атын мешітке беру – қолданыста бар нәрсе. Шариғат оған қарсы келмейді. Бұл барлық мұсылман елдеріне ортақ дүние. Алайда мешіт атауы діни араздық, алауыздықтың тууына мұрындық болмауы керек. Сондықтан біздер, діни басқарма алқасының мүшелері еліміздің қай аймағында болмасын ашылған мешітке қандай ат беруге болатынын шешіп отырамыз. Ең біріншіден, мешітке Әбубәкір Сыдық, Әбу Әли сынды дін ғұламалары, жергілікті имамдардың атын беруге болады. Екіншіден, Ислам репрессия, соғыс кездерінде дін жолында шейіт болған тұлғалардың есімін Алла үйіне беруге қарсы емес. Сондай-ақ елдің белгілі, елге еңдегі сіңген, өмірі тақуалықпен өткен қадірлі жандардың есімін де мешітке берсе ағаттық болмайды. Алайда өмірі күмәнді, күнәсі көп жандардың атын мешітке қайтсе де, бере алмаймыз, - дейді Еркінбай қажы.
«Үй ішінен үй тігу» кімге керек?
...Дегенмен Ислам шартына да, діни басқарманың талаптарына да бағынбай жүрген мешіт салушылар табылып жатыр. Олардың дені мешітті тек өз қалауындағы адам есімі берілетін болса ғана, салуға бар. Діни басқарма қарсы болған жағдайда өз алдына дербес діни басқарма ашып алып, соның аясында мешіт көтеріп жатқандар жоқ емес. Жоқ емес-ау, бақандай отыздың үстінен асып жығылады. Ең өкініштісі де сол, олардың немен айналысып, дінді қалай уағыздап отырғанын Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы ешқалай да қадағалай алмайды. Оған құзырлары жоқ. Ал жеке діни басқарма құруға біздің қазіргі қолданыстағы 1992 жылы қабылданған «Діни сенім және діни бостандықтар туралы» Заңымыз рұқсат беріп отыр. Бірақ «үй ішінен үй тігу» кімге керек?
Мешіт мәселесінен шығатын тағы бір проблема – діни бірлестік құрып, өз дегендерін жасап отырған түрлі діни ағымдардың мәселесі болып табылады. Қазіргі таңда бір Алматы қаласының өзінде 40 конфессиядан тұратын 200-ден аса діни бірлестік жұмыс жасайды. Оның ішінде 41 ислам, 16 православия, 6 католицизм, 3 иудаизм, 1 буддизм, 144 протестанттық бағыттағы, 13 дәстүрлі емес діндер бағытындағы бірлестіктер тіркелген. Әділет министрлігі Діни істер комитеті төрағасының орынбасары Аманбек Мұхашевтің айтуынша, халықтың миссионерлердің алдауына түсіп қалуын тездететін нәрсе – бұл дәстүрлердің әрқилылығы мен еліміздің әр облысындағы діни ұстанымның да бірізді еместігі. «Сондықтан біз дінге қатысты барлық мәселені «Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігінде» шешуіміз керек. Ал дербес діни бірлестіктердің құрылуына мүлде тыйым салған дұрыс. Өйткені дін дегеніміз бір, ортақ сенім. Ислам – хақ дін. Аллаға ортақ, серік қоспаймыз ғой. Ендеше бір елде бірнеше діни бірлестік құрудың да еш қажеті жоқ» дейді қажы.
Заңға өзгеріс енгізу ісі кезек күттірмейді
Жыл басынан бері миссионерлермен күреске ерекше көңіл бөлініп, қатаң тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Мәселен, Алматы қаласында жергілікті билік орындарына миссионерлік қызметпен айналысу мақсатында келген 80 шетелдік азамат тіркелгені анықталды. Бұл өз діни ағымын мешіт ашу арқылы жүргізіп отырғандардың барынан да хабар береді. «Әрине бұл күресте ең алдымен сүйенетін тірегіміз – 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңға өзгеріс енгізбей болмайды» дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни уағыз, оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Әбдімүтәлі Қайназарұлы. Діни басқарма имамдары заңның солқылдақ тұсына өзгеріс енгізу үшін өздерінің ұсынып отырған бағдарламасымен де таныстырды. Олар ұсынып отырған бағдарламадағы біздің тақырыпқа қатысты тұстары төмендегідей болып өрілген:
-Бірқатар тарихи мешіттерді қайта қалпына келтіріп, кү­тімде ұстау үшін олар мемлекеттік “Мәдени мұра” бағ­дар­ламасына енгізілсе;
-Үй ішінен үй тігіп, асыл дініміздің атына кір келтіріп жүр­ген, Ислам атын жамылған түрлі күдікті діни бір­лестіктер мен жеке меншік мешіттер таратылып, сарап­тау­дан өткізілген соң ғана Діни басқарма ұсынысымен тіркелсе;
-Бірқатар мешіттердің жері жеке адамдардың меншігінде. Бұлардың жер актісі қайта қаралып Діни басқарма балансына берілсе;
-Облыс, қала, аудан орталықтарында халық тығыз қо­ныс­танған жерлерден ғибадат жасауына ыңғайлы болуы үшін, болашақ мешіттерге жер телімі Діни басқарма ұсы­ны­сымен ғана бөлініп отырса;
-Республика бойынша ашылған және ашылатын ҚМДБ ая­сын­дағы мешіттерге және діни оқу орындарына ма­териал­дық кө­мек тұрақты көрсетілсе және олар ком­му­налдық шы­ғын­да­рдан мүмкіндігінше босатылса немесе жеңілдік берілсе.

1 комментарий:

kariim комментирует...

Осыны түсінетін адам табылса ғой, шіркін. Басқа нәрселермен-ақ атағымызды шығара берсек қой, сол да жетер еді бізге.