понедельник, 24 марта 2008 г.

Oralmandardy Otandastar deitin kez jetti...


Оралман бауырлардың елге қайтуда бір емес, қос проблемаға кезігіп отырғаны жасырын емес. Бірі – елден шығарда болса, екіншісі – Қазақстанға қоныстануы кезінде. Әрине, ресми мәліметтер болмаса да, оралмандардың кейбіреуі Қытай билігінің азаматтардың елге оралуына шектеу қойып отырғанын айтады. Әсіресе, «ақыл-ой» көзі саналатын жоғары білімді, талантты бауырларымызды өлшеулі шеңберде ұстағысы келеді екен. Бұл жағынан алғанда, бір кедергіге жолығатын қандастар үшін Қазақстанда да тосқауыл, тұсаулар аз емес. Әсіресе, Үкіметтің қаулысы бойынша 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап мамандығы бар, қызмет істеуге қабілетті, көпбалалы оралмандарға ғана квота берілетіні өзге оралмандардың елге оралуына тежеуіш болып тұр.
Елбасының арнайы шақыруымен келген әнші Отанбек Еңсеханға хабарласқанымызда, әнші Отанға оралғанына бар болғаны 15-ақ күн болғанын алға тартып, әлі қиындық көріп үлгере қоймағанын жеткізді. Дегенмен өз бетімен «елім» деп келген өзге халықтың іс жүзінде қамын жеп отырғандар шамалы екені аңғарылады. Қазақстанға келген бес жылында талай бәйгенің бас жүлдесін бермеген талапты ақын Жарас Кемелжан әлі күнге квота ала алмай, қиналып жүргенін айтады. «Біздер үшін жасалып жатқан жалғыз ғана жеңілдік – осы квота еді, соның өзіне 5 жылдан бері қол жеткізе алмай жүрміз. Оның үстіне жаңа жүйе бойынша біз сияқты жас өнер, әдебиет адамдары үшін сол квота көштің соңынан берілетіні қинап тұр» дейді ақын. Жараспен тағдырлас қазіргі поэзияның көшін бермей жүрген Тоқтарәлі Таңжарық, Ұларбек Нұрғалым сынды ақындар да баспана мен жеңілдіктен қиыншылық көріп жүргендерін ашық айтты.
Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы жанындағы студент жастар орталығының ұйымдастырушысы, Қытайдан келген бауырымыз Ұшқын Сәйдірахманұлының пікірінше, Көші-қон комитетінің жұмысы біржақты ғана жүргізіліп отыр.
– Біз тек көшіп келген оралмандарға ғана емес, сырттағы бауырларға да көмек қол ұшын созуымыз керек. Олардың Қазақстан жайлы ақпараттанып отыруы үшін парсы, түрік, урду, моңғол, қытай тілдерінде сайттар жасалуы қажет. Ал әзірге бір ғана парсы тілінде сайт бар, оның өзі жақында ғана ашылды. Сондай-ақ оралмандар ұйымдарының арасында бір-бірімен еш байланыс жоқ десе де болады. Мәселен, Қазақстанда Көші-қон комитеті, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы, «Асар» оралмандардың қоғамдық қоры, «Оралмандар» одағы бар. Бірақ бәрі де жұмыстарын жеке жүргізгісі келеді. Бір-бірімен бәсекелес. Ал бізге қазір бәсеке емес, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған ортақ әрекет қажет қой, – дейді Ұ. Сәйдірахманұлы.
Сырттан келген қандастарымыздың елде кездесетін әлеуметтік проблемаларынан өзге моральдық тұрғыда да ұшырасатын қиындықтары жетіп-артылады. «Ең алдымен, – дейді психолог Гүлзат Сәрсембина, – оралмандар тіл білу мен жазудан үлкен қиындық көреді. Ђйткені бізде ана тілді дамыту жолында қанша жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, күнделікті өмірде, іс қағаздарды жүргізуде орыс тілі қолданыс бойынша алдыңғы қатарға шығып кете беретіні жасырын емес. Ал Қытай, Моңғолия сынды елдерден келіп жатқан бауырларымыздың бәрі дерлік орыс тіліне шорқақтау келеді. Оның үстіне төте жазумен жазып үйренгендер үшін кирилл қаріптерімен құжаттар толтыру, хат жазу, жалпы, бір нәрсе жазу да азаптың азабы. Бұл тұрғыдан келгенде оралман бауырлардың жаңа ортаға сіңісіп кетуі де біраз уақытты қажет етеді. Оларды ортаға бейімдеу керек, қолдау көрсету қажет». Бұл психолог маман пікірі болса, Қытайдан келген қандасымыз, жас қаламгер, бірнеше әңгіменің авторы Оразбек БекбосынныҢ назы төмендегіше астасып жатыр:
– Мен Қытайдан 2006 жылы келдім. Ђз Отаным, дербес мемлекетіміз деп, өз еркіммен мұнда келген соң азаматтықты қабылдадым. Бірақ сол мемлекетімізден оралман ретінде ешқандай жеңілдік көрген жоқпын. Әу бастан квота алу қиямет-қайым екенін түсініп, жұмысқа орналасып, өз күнімді өзім көрейін десем, әскери билет, тағы да басқа таусылмайтын құжаттар сұрап, жұмысқа алудан қашады. Оның үстіне орыс тілін білмейсің деп тағы мұқатады. Тәуелсіз мемлекеттің өз тілі бар емес пе? Ендеше, сол тілде сөйлейтін адамға, оған қоса, орыс тілін білу шарт болмауы керек қой, – дейді.

3 комментария:

Анонимный комментирует...

blogynyz tamasha eken

Unknown комментирует...

[img]http://s40.radikal.ru/i088/0904/48/3a328eaf5984.jpg[/img]

Unknown комментирует...

src="http://s40.radikal.ru/i088/0904/48/3a328eaf5984.jpg"