четверг, 21 февраля 2008 г.

«Basyn jurttyn kosuga - Aral tolyp keledi...»




Арал қасiретi әммеге аян екенiн мойындаймыз. Әлемдегi ең iрiлердiң қатарынан саналатын, Орталық Азиядағы бiрден-бiр тартылудың тырнағына iлiнген iшкi теңiз - осы Арал. Толқынды теңiздiң сонау жетпiсiншi жылдары суы сарқылып, тұз көлемiнiң күрт артуына оның осы ағынсыздығы әсер еттi десек те, саясат пен экономиканы дұрыс реттестiрмеудiң де тигiзген зияны жетерлiк. Күрiш пен мақта егiстiктерiне ешқандай тас плиталарын төсеместен Сыр мен Әмуден қара жердi қақ тiле жүргiзiлген каналдар да теңiздiң көз жасының топыраққа сiңуiне өз үлесiн тигiзбей қалған жоқ. Теңiзбен қоса жылаған Арал халқының дәл бүгiнгi жұбанатын сүйiншiсi - Арал қайтып келедi, ағайын!


БАЛЫҚ БАССЕЙНI БОЛҒАН


Тылсым теңiз тарихы ондаған мың жылдарға созылып жатыр. Мыңжылдықтар легiнде Аралдың бiрнеше рет қайтып, қайта толысқаны ғылым мен тарихқа аян. Оның ұзақ жылдар бойы iрi балық өндiретiн бассейн болғаны да белгiлi. Сонау жылдары Аралдың қалай аталып, Каспиймен жерастылық қандай байланыс жолдары болғанына тереңдемесек те, теңiздiң Ұлы Жiбек жолы керуендерi үшiн тынығып, түйенiң мұрындығын ағытатын «оазис» болғанын, кеңестiк тұста В. Лениннiң бiр хатына орай Балтық жағалауы елдерiне 24 вагон балықты 24 сағат iшiнде жылдам тиеп жiбергенiн сөз етпеске болмайды. Арал ауланатын балық көлемi бойынша Каспий, Азов теңiздерiнен кейiнгi үшiншi орынды иеленген. 50-жылдары балықшылар шеберлiк шыңына жетiп, жылына 42 мың тоннаға дейiн балық аулаған. Теңiз жағасындағы Арал қаласы iрi балық өндiру орталығына айналып, аудан көлемiнде көптеген балық өңдеу зауыттары болған. Арал теңiзi мәселесi бойынша сарапшылық жасап жүрген Батыс Мичиган университетiнiң профессоры Филип Маклин «Осыдан үш мың жыл бұрын Арал ауыл шаруашылықты аймақ болатын. Әмудiң ұзына бойына ағаштан жасалған арналар тартылып, шағын егiстiктер суғарылған» дейдi. Бұл деректердi ауылдың көнекөз ақсақалдары да өз аталарының әңгiмелерiн еске ап растап отыр. Ал 1558 жылы Ұлыбританияның патшайымы Елизавета I жiберген елшi Энтони Дженкинсон да «300-400 жылдан соң бұл аймақ шөлейттi жерге айналып, су тапшылығы халықты тарықтырады» деп айтқан екен. Таң етерi - осының бәрiн бiле тұра кеңестiк империя мен жергiлiктi билiк басшыларының мақта мен күрiш егiстiктерiн суғару жұмыстарына жүргiзген каналдарға ешқандай тас плиталар жүргiзбеген. Осының нәтижесiнде де қос теңiздiң суы топыраққа сiңiп, онсыз да iшкi теңiздiң тұздылығы күрт арта түскен. Қос өзеннен теңiзге құятын су мөлшерi 56 млрд. текше метрден 4 млрд. текше метрге, яғни 14 есе азайған. Теңiз ауданы болса 66458 шаршы шақырым аумақтан 30 мың шаршы шақырымға қысқарған. Тұздылық 10-11 мг/литрден 30 мг/литрге артып кеттi. Теңiз бастапқы деңгейiнен 11,4 метрге төмендеген. 1975-1979 жылдары балық шаруашылығы тоқтап, теңiз жанындағы Авань, Қасқақұлан, Қарашалаң халқы атажұртын тастап, ауа көшуге тура келдi.
Қазiргi таңда Арал теңiзi Үлкен және Кiшi бөлiктерге бөлiнiп кеткен. Оңтүстiкте орналасқан Үлкен Арал кiшiсiнен 12 есе үлкен. Жыл сайын жалаңаштанған теңiз табанынан 150 мың тонна топырақ пен тұз желмен көтерiлiп, жүз мыңдаған шаршы метр жер шөлейттену үстiнде.


«КҮМIС КЕРУЕН» КЕЛЕДI


Дағдарысқа ұшыраған экологиялық жүйе шұғыл жақсарту жұмыстарын тiледi. Әрине, «анасын жылатып қоятын адам жоқ». Жан-жақтан келген ғалымдар мен эколог зерттеушiлер өз жобаларын әкелiп, ұсыныстарын айтумен болды. Олардың көптiгi сонша, егер әрбiр ғалым келерiнде бiр шелек су әкелiп құйып тұрса, теңiз қалпына келген де болар едi. Алғашқы қарастырылған жобалардың бiрi - құны 40 млрд. долларды құрайтын «Солтүстiк мұзды мұхитына құятын өзендердi Аралға тарту жобасы» қаржының жоқтығынан сөре үстiнде шаң басып жатты. Тек кеңестiк үкiмет құлағаннан кейiн ғана ауыл тұрғындары бiрлесiп, қос теңiздiң арасына топырақтан бөгет жасады. Алайда 90-жылдардың аяғында бұл бөгеттi су өзi-ақ шайып кеттi. Кейiн дүниеге келген «Сырдария арнасын реттеу және Кiшi Арал теңiзiн сақтап қалу» жобасы бүгiнде өз жемiсiн бере бастады. Жалпы құны 85,79 млн. АҚШ доллары тұратын жобаның 64,5 миллионын дүниежүзiлiк банк көтерсе, қалған 21,29 миллионын республикалық бюджет есебiнен қарастырылды. Көкарал бөгетiнiң құрылысы 2005 жылдың тамызында тәмамдалды. Содан кейiнгi сегiз айдың iшiнде су деңгейi 38-ден 41 метрге көтерiлiп, шөлден қаңсыған 500 шаршы шақырым аумақ жер сумен жабылды. Бұл теңiзге құйылған 8,5 млн. текше метр судың берген нәсiбi десек те болады. Ал үстiмiздегi жылдың ақпанынан бастап, теңiзден балық аулауға мүмкiндiктер көзi ашыла бастады. Ауыл балықшыларының жылыммен теңiзден қайта-қайта балық суырып жатқанының өзi неге тұрады. Тұрғындар «өлi теңiз» атап үлгерген Аралдың 30 жыл бойы камбаладан басқа балық бермегенi және бар. Оның өзiн Атлант мұхитынан әкеп жерсiндiрмегенде, теңiзде iлiп жейтiн ештеме болмаған-ды. Сырдың суы құйылып, теңiз суының тұздылығы литрiне 14 граммға дейiн кемiдi. Ал қалалық бас дәрiгер Асанбаевтың айтуынша, әйелдер арасындағы анемия теңiз толғалы 70-80 пайыздан елу пайызға дейiн азайған. «Бастысы - БҰҰ бiрнеше жыл бұрын болжағандай, 2020 жылға шейiн түбегейлi тартылып кетпейтiн болды» деген Арал тұрғындары қуаныштарын жасырмайды.


КӨЛ АСТЫНДА ҚАЛДЫ


Тоғыз рет қайтып, сонша рет қайта толысқан алып айдынның табанында қала мәдениетi болғаны бүгiнде белгiлi. Кей тарихшылар тiптi Сыр бойындағы қалалар санын қырықтан асырады. өкiнiштiсi жүргiзiлген зерттеулер жоқтың қасы. Әйтеуiр 2001 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттiк университетi мен Әлкей Марғұлан атындағы Археологиялық институттың ғалымдары қатысқан «Арал-2001» экспедициясы теңiз табанында болғанын бiлемiз. Бұл зерттеушiлер тобы тым кiшкене аумақты ғана қамтыды. Қалғаны игерiлмеген тыңдай бар сырын iшке бүгiп, үнсiз жатыр. Бiрақ соның өзiнде де ғалымдар Арал ауданындағы Қаратерең қыстағынан 75 шақырым жерде орын тепкен «Кердерi» кесенесiн тапты. Бұл ескерткiштiң ұзындығы - 23, енi - 8 метр екен. Алайда күмбезi, қабырғалары қирап, бiраз бүлiнуге ұшыраған. Мұның теңiздiң асау толқындарының нәтижесi, не түрлi әскери флот мүшелерiнiң iсi екенi тағы да жұмбақ.
Жалпы алғанда Арал маңының тарихы әлi де жазылмаған құпия кiтап. Тек сол аймақтың балықшылары мен аңшыларының айтқан аңыздарын тыңдап, ой қорытасың. Ғылыми түйiндер, негiздемелер, қорытындыларды емге табу қиын. Сыр бойы, арал аумақтары экологиялық апат аймағы екенi бесенеден белгiлi. Құм, тұз көшкiнi желмен жарыса кеп көзге тығылады. Тұрғындардың денсаулығы да нашар. Оның үстiне «Возрождение» аралында болған биологиялық-бактериологиялық полигонның зардабы өз алдына әңгiме боларлық тақырып. Мұның бәрi кеп ғалымдарға үрейдей көрiнедi. Шынымен-ақ кiм тыныш мекенiн тастап, ғылым үшiн денсаулығын қатерге тiксiн? Жоғарыда айтылған экспедиция мүшелерiнiң өзi айға әрең шыдап, сыр бере бастапты. кейбiрi тiптi «аллергияның» ақыретiне де ұшыраған екен. Көкарал бөгетi құрылыс жұмыстары тәмамдалды. Кiшi Аралды сақтап қалудың көрнектi жобасы тарихқа бiршама тосқауыл болды. өйткенi жоба бойынша Кiшi Аралдан артылған су Үлкен Аралға құлайтын тұста тарихи мекендер орны бар. Яғни бұл мекендер тағы да бiршама жылдарға су астында қалды. Рас бұл орайда теңiзге айтар айыбымыз жоқ, тек бұл мәселе бұдан бұрын да көтерiлгенмен, саусақ ұшын қимылдатпаған тарихшыларымызға өкпемiздi айтамыз.


БАРСАКЕЛМЕСТІҢ БАҒЫ ТАЙДЫ


Теңiздегi қос iрi арал - «Возрождение» мен «Барсакелместiң» де тағдыры талқыға түскенi белгiлi. «Возрождение» аз сөз боп жатқан жоқ, әлi де шешiлмеген мәселелерi көп. Бiрақ Барсакелместiң де жағдайы жақсы болмаса да оның әңгiме қалтарысында қап жатқан жайы бар. Аңыз бойынша осы өлкенi мекендейтiн Кiшi жүздiң Әлiм атасының Асан бұтағынан тарайтын Құрбан есiмдi кiсi бұл аралға ерте көктемнiң әлi бұзылмаған мұзының үстiмен келiп, күн жылығасын ақ егiс егедi. Бiр күнi қалың сексеуiлдi, алуан түрлi шөп өсетiн мекенде ұйқтап жатқан алып жыланның үстiнен шығып, қолында шитi мылтығы бар Құрбан жыланды екi рет басынан атады. Ауыр жарақаттан аласұрып, айналасын құйрығымен сабаған жылан сол төңiректегi iрi сексеуiлдердi шалғымен қиғандай жапырып жiберген көрiнедi. Ұзындығы сегiз метр болған айдањар жылан аралға ешкiмдi жолатпағаннан кейiн де көп заман осы төңiректi мекендеген жұрт бұл жердi Барсакелмес атаған екен.
Көлемi 16795 гектар болатын Барсакелмеске 1939 жылы Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесiнiң шешiмiмен қорық мәртебесi берiлген. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2005 жылғы қаулысына сәйкес, теңiз суы тартылғасын, су ортасындағы аралдың құрлықпен шектесiп кеңеюiне орай қорық көлемi 1 млн.608 мың 260 гектарға ұлғайған. Теңiз деңгейiнен 100 метр биiктiкке орналасқан қорықта дүниежүзiлiк қызыл кiтапқа енген құландар өмiр сүрген. Сирек кездесетiн қарақұйрықтар, сүтқоректiлердiң 23 түрi өсiп-өнiп жатыр. Мұнда iшiне енген түйелi кiсi жасырынатын сексеуiл орманының алқабы, құстардың 175-тен астам түрi бар. «Барсакелмес» мемлекеттiк табиғи қорығының директоры Мағжан Тұрсынбаевтың айтуынша, мұнда 1953 жылы Түркiменстанның Бадхыз қорығынан әкелiнген құландар жерсiнiп, көбейiп, өсiп, өнiп кеттi. Олардың 260 басы Арал теңiзi тартыла бастаған соң Қапшағайға әкетiлген. Қалған 50 бас құлан қазiр 215 басқа жетiп, көбейiп келедi. Дәл қазiргi таңда «Барсакелмес» қорығы үлкен қамқорлыққа зәру күн кешуде. Мұнда ауыл шаруашылығы министрлiгi бiрсыпыра жағдайлар жасағанымен, аң-құстарды қорғауға бөлiнген 9 мотоцикл, 2 «Нива» автокөлiгi, 2 «УАЗ» және 1 «Беларусь» тракторы мен рация ғана бар. Қару-жарақ жағы аз болмағанымен, соған тиiсiнше сұқ көздер де жетiп артылады. Былтыр мұндай сұғанақтарды ауыздықтаудың 16 дерегi тiркелген.
Экологиялық жағынан да қорықтың қайыр тiлейтiн жөнi бар. Қазiр құландар мен қарақұйрықтар көктемнен қалған қақ суларын талғап жұтады. Қорықта 50 жыл бұрын қазылған жалғыз скважина ғана бар. Оның да суы баяғы бұрқаған екпiнiнен басылып, тамшылап қана ағып тұр. Айналасы мыңдаған гектар болатын үлкен қорықтың аумағында бұл жыпырлаған аң мен құстардың көп ұзамай шөлден қырылуына әкелiп соғатын апатты жағдай.
Көкарал бөгетi көлдi сақтап қалудың көрнектi жобасы болды дедiк. Ендi жобаның екiншi бөлiгiнiң нәтижесiн күтемiз. Яки Сырдария арнасын реттеу жұмысы. Құмға толған арнаны тазалау шарасы теңiзге құятын су көлемiн арттырумен бiрге дария бойын мекендейтiн ауылдарды су тасқынының басып қалу қаупiн төмендетерi хақ. Ең бастысы - толысқан су тұзды топырақты жауып, Аралдың экологиялық ахуалын жақсартпақ. Әйтпесе созылмалы науқастар саны артып, дiмкәстiң жаңа түрлерiн дамытқан тұзды тұрақтың тағдыры тым нашарлап кеткен-дi. Қайта оралған теңiзге ұзағынан сүйiндiрсiн дегiмiз келедi!

Комментариев нет: