четверг, 21 февраля 2008 г.

Sen kurmette ony


Тағдыр бұларға келгенде аяушылық танытқан жоқ. Бірін аяқтан, бірін тілден, енді бірін құлақтан айырды. Бала күнінен оқуға, білім алуға мүмкіндігі болмаса да, талабын шыңдауға көп қиындықтар кедергі келтірсе де, олар қоғамнан өз орнын таба білді. Қазақстанда бүгінде тіркеуге алынған 400-ден аса мүмкіндігі шектелген мүгедек жан болса, оның бәрі бірдей оза шауып, бәйге алып жатқан жоқ. Көпшілігі мүгедектігін «мандат» қып, көшеде қайыр тілеп жүр. Осыдан да қоғамда мүгедектер – масылдар деген теріс пиғыл қалыптасқан. Ал бұлар осы пиғылға қарсы күрескен жандар. Біз сөз еткелі отырған бүгінгінің ерлері әлі өрімдей жас. Ал жеткен белестері аяқ-қолы балғадай, он екі мүшесі сау азаматтардың ісіне бергісіз. Біз оларды үлгі етуге тиіспіз. Өйткені олардың еңбектері еленуге тұрарлық.
Анар Венгрияға аттанды
21 жастағы суретші Анар Әбжа­но­ва осы күндері Венгрия аста­на­сы Будапешт қаласында өтіп жат­қан халықаралық көрмеге қа­ты­сып жатыр. Ол онда 3 шығар­ма­сы­мен аттаныпты. Бірі – қазақ қы­зының бейнесі, екіншісі – Алма­ты көрінісі де, үшіншісі – Ита­лия кешінің көрінісі екен. Ана­сы қызының бұл сыннан да жүл­десіз оралмайтынына сеніп, сү­йіншісін сайлап отыр. Анар үш жасына дейін жүре ал­май қиналса, одан кейін еркін сөйлеу мен естудің бақытын сезіне алмай өсті. Құлағы әлсіз еститін балаларға арналған мектепте білім алған оның сурет салуға ептілігін анасы 5 жасынан-ақ байқапты. Со­дан 7 жасында қызының өз өті­ні­шімен оған бояулар мен қыл­қа­лам әпереді. Құлағы естімейтін сурет­ші А. Уткиннің студиясына бе­ріп, одан суретшілік өнердің әліп­песін игеруіне көмектеседі. Бүгінде Анар Голландия, Ита­лия, Корея сынды елдерде өткен бір­қатар халықаралық көрмеге қат­ысып, жүлдегер, жеңімпаз боп орал­ды. Оның есімі қазірдің өзінде әлем­нің танымал кәсіби қыл­қа­лам шеберлерінің тізіміне еніп үл­герді. «Өткен жылы Анар өзінің «Трибуна» аталатын тұңғыш жеке көр­месін өткізді. Алпыстан аса суре­тін көрермен назарына ұсын­ды. Ашынатынымыз – дарынды қыз­ға елімізде демеушілік тан­ы­тып, қол ұшын созатын жан т­а­был­майды. Ал оны АҚШ, Корея, Ита­лия өздерінде білім алуға, ең­бек етуге шақырып жатыр» дейді ана­сы Базаргүл. Анардың ерекше қа­бі­леті өзіндік «менін» қалып­тас­тырды. Соның арқасында ол өзін еш­қашан мүгедек сезінген емес. Ол тағдырдың тауқыметін өзінше жеңіп келеді.
Айманның арманы
Айман қазір өзі құрған «Қай­сар» мүгедектер мен мүмкіндігі шек­теулі жандарды қолдау мен қор­ғау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Өзі қоларбамен қоз­ғалса да, жұмысты жылдам, тия­нақты атқарады. Ол балғын ша­ғын құлынша шауып өткізген еді. Тек 11 жасында орталық алаңда құрылған алтыбақанда тербелген сәтінде жығылған бақан астында қа­лып қойып, қос аяғы зақым­дан­ған еді. Содан бері міне, 14 жыл қо­ларбаны сүйеніш етіп келеді. Перзентінің саулығын ойлаған ата-анасы Бақыт пен Қарлы­ғаш­тың Айманды көрсетпеген ақ халат­тысы жоқ. Бірақ аяғына ем қон­басын білген қыз бақытты бас­қа бағыттан іздеді. Талай жыл «Арал теңізі» қоғамдық бірлесті­гін­де ерікті болып жұмыс істеген ол шет тілін меңгеруге ерекше ден қой­ды. Қиын болса да, Қызылорда қа­ласындағы академиялық уни­вер­ситеттің экономика-экология жә­не құқық факультетін бітіріп, ке­йін Ақтөбедегі сал ауруларын қол­дау қоғамынан біраз тәжірибе жинаған соң, жоғарыда аталған мү­гедектерді қолдау қоғамдық бір­лестігін құрды. Атқарып жат­қан шаруасы аяқ-қолы сау адам­ның сыбағасынан аз емес.
«Құлақтан кіріп, бойды алар...»
Алматыдағы «Квадро» әншілер то­­бының өнері де тамсантпай қой­майды. Тумысынан сөйлеу де, есту де қабілетінен айырылған Цхай Рамиль, Ерғалиев Рүстем, Құнан­баев Еркен, Бабашев Төребек бала күнінен қолмен, қимылмен ән айту­ға дағдыланған. Мүгедектер, есту қабілеті шектелген жандар­дың мерекелерінде ән айтып жүрген «Квадро» енді ірі кештердің сах­насынан да көріне бастады. Жақын­да ғана «Алтын жүрек» сый­лығының марапаттау рәсі­мін­де көрермендердің көзайымына ай­нал­ғанына куә болдық. Жігіт­тер­мен Рүстемнің анасы Аман­бике арқылы тілдескенімізде, олар­дың арманы – Республика сарайы сах­насында өнер көрсету екенін аң­ғардық. «Репертуарымызда орыс­ша да, қазақша да әндер бар. Рес­публикалық «Көгілдір құс», Астанада өтетін «Назар-Взгляд» сынды фестивальдерде еліміздің әнұранын, «Ана» әндерін орын­дап жүрміз. Біз үшін айтатын ән таң­даудың өзі ерекше. Өйткені көп әндер қол қимылына келе бер­мейді. Ал біз әнді тек құлағы есті­мейтіндер үшін ғана емес, бар­лық адамдарға арнап айтқымыз ке­леді» дейді жігіттер. Топтағы төртеу де қазір Ал­ма­ты сервис колледжінде стилист-мо­дельер, шаштараз маман­дық­тары бойынша білім алуда. Алдағы уа­қытта дизайн студиясын аша­мыз деген армандары да бар. Оған қа­жетті құралдар мен тех­ни­ка­лар­ды әзірден-ақ сайлап қойған.
Құтты шаңырақ
Бірақ бәрінен де ер тұлғалы Рус­лан Құттымұратұлының ерлігі ерік­сіз елжіретеді. Шаңырағында бү­гінде үш қыз сәбидің шат күл­кі­сі сыңғырлайды. Бірақ бұл ба­қыт­қа Руслан қандай қиындық­пен жетті десеңізші?..Оны қатал тағдыр 1 жасында-ақ құрығына іліндірген еді. Қос аяқ­тың жансыздануы балаға адым ашуға мүмкіндік бермей, тым құры­ғанда еңбектеудің де бақы­тын сезіндірген жоқ. Аурудан айық­тыратын ақ халаттыны іздеп, Арқа асса да, Алматы барса да қайран болмады. Руслан өзі сол күннің қияметін қинала еске ала­ды. «Анам мен әкем менің жүруім­нен бұрын бақытты болуымды тіле­ген болу керек. Бірақ біз ол кез­де бақытты тек жүруде деп түй­сінген екенбіз. Бақсы-балгер із­деп, бармаған жеріміз жоқ. Ақыры жыл­дар өте келе екі аяққа жан біт­песін білдік те, бір Алладан медет тілеп, намаз оқи бастадым» дейді ол. Алла аяққа қуат бермесе де, басқа бақыт берді. Руслан үйленді. Өзі секілді тағдыр аяғын тұсаған Құра­лай есімді қызды жар қылып, та­балдырықтан аттатқызды. Алай­да дәрігерлердің барлығы Құра­лай­дың бала босануына қарсы бол­ған еді. Десе де, Руслан мен Құра­лайдың кейін шегінетіндей тағдырдан көрген теперіші аз емес болатын. Аллаға сыйынып, алғаш­қ­ы сынақтан өтті. Құралай Рахима есімді қызды аман-сау дүниеге әкел­ді. Тағдырды жеңген жұбай­лар өмір сынағына тағы да екі рет түсті. Өмірге Кәрима мен Мүсли­ма есімді қыздар дүниеге келді. Қа­зір құтты шаңырақ үш періш­те­нің күлкісімен ажарланған.
Түйін:
Мүгедек болса да, мүмкіндігі шектелсе де, асқақ арман, ерен еңбектің арқасында қоғамнан өз орнын тауып жатқан жандар жетерлік. Олар біреуден қайыр не көмек тілеп үйренбеген. Дегенмен оларға демеу керек. Анар өз суреттерін сатып, жаңа бояулар алуға, халықаралық көрмелерге шығуға қаржы тапқысы келеді. Бірақ оны сататын студиясы не арнайы орны жоқ. «Тіпті базардың бір бұрышы да жетер еді» дейді анасы. Анар тіпті суреттің өзін үйде салуға мәжбүр. Айман болса, өзі ғана емес, барша мүгедектің мұңына ортақтасып, олардың өз кинотеатрын, өз мәдени ошақтарын, өз медициналық орталықтарын ашқысы келеді. «Квадроның» жігіттеріне келсек, қаржы болса «қатырайын» деп тұрған жобалары жетерлік. Дизайн студиясын ашып, жеке кәсіпкерлікпен айналысу да ойларында, сондай-ақ қолмен ән айтушылар үшін арнайы курстар жүргізілсе деп те армандайды. Руслан мен Құралайға жаңа қоларбаның өзі үлкен қуаныш болар еді. Әйтпесе ескісі сынып, жол ортасында қапы қалдырып жүр. Иә, мұның бәрі олардың өз аузынан шықпаған мұңдары. Біз жанарынан оқып қана жазып отырмыз.

Нұрболат Аманжол

Комментариев нет: