четверг, 28 февраля 2008 г.

Kibise kunnin keremeti men kelemeji


2008 жыл – кібісе жыл, яғни бұл жылда әдеттегідей, 365 емес, 366 күн бар. Тарихта кібісе жыл жайында жақсы көзқарас жоқтың қасы. Көбіне бұл жылы апаттар мен ауыр қайғылы оқиғалар жиі болған екен. Содан ба, кібісе жыл жайлы деректер көзі де аз. Ақпанның жиырма тоғызы – Юлиан күнтізбесінің алпысыншы күні болып келеді. Әрине, төрт жылда бір мәрте ғана. Оның тарихы Рим императоры Юлий Цезарьдың есімімен байланысты. Жыл санаудағы ретсіздікті зерттеп, жоюды император астроном Созигенге тапсырады. Астроном әр жылдың 365 күн және 6 сағаттан тұратынын анықтайды. Егер бұл сағатты сызып тастаса, болашақта үлкен ауытқушылықтар болатынын болжаған Созиген үш жылды 365 күннен, ал қалған 6 сағаттарды жинап, төртінші жылды 366 күн етіп есептеуді ұсынады. Ал артық күнді қыс пен көктемнің түйісер тұсы – ақпанның соңына кіргізуді жөн көреді. Міне, содан бері әлемде жыл санау Юлиан күнтізбесі бойынша дәл осылай жүргізіліп келеді.
72 жылда – 18 жас
Кібісе күні дүниеге келгендер үшін туған күн мерекесін той­лау­дың өзі бір ғанибет. Есептеп қара­сақ, олар жетпіс екі жыл өмір сүр­ген­де ғана 18 жасқа толады. 29 ақ­панда туғандар үшін туған күн­ді тиімді тойлаудың жүйесін не­міс ғалымы, профессор Хайн­рих Хемме ұсынған екен. Оның жүйесі бойынша «кібісенің» ұл-қыздарына төрт жылда бір туған күн кешін жасаудың еш қажеті жоқ. Егер қуаныш иесі түске де­йін дү­ние­ге келген болса, ол қал­ған үш жыл­дың алғашқы екеуін 28 ақ­пан­да атап өтіп, соңғысын көк­тем­нің алғашқы шапағымен ме­ре­келейді. Ал түстен кейінгі уа­қыт­та туған болса, керісінше, ал­ғаш­қы жылы 28 ақпанда тойлап, ке­йінгі екі жылда наурыздың бірін­де туған күн кешін өткізеді. Әлем­нің көптеген елдерінде Х.Хем­менің жүйесі қолданыл­ғаны­мен, кей жандар төрт жылда бір мәр­те ғана мерекелеуге дағ­ды­лан­­ған. Дегенмен оларды құттық­тау­­ға келгендер бірден төрт сый­лық алу­ға мәжбүр. Үшеуі – қарыз жыл­дардың несібесі. Әлем ста­тис­­­терінің зерттеуінше, кібісе күні дүниеге келудің мүмкіндігі – 1:1461 екен. Бұл есепті негізге ал­ғанда, әлемде 4 миллионға жуық «4 жылда бір жасайтын» жан­дар барына көз жеткізуге бо­лады. Ресей эзотерик психологы Та­тьяна Седованың зерттеу ең­бе­гіне қарағанда, кібісе күні тегін адам­дар дүниеге келмесе керек-ті. Олардың жұлдызы – балықтар. «Балық жұлдызындағылар ара­сы­нан әсіресе, психологтар, мұ­ға­л­ім­дер көп шығады. Ол кібісе кү­н­ге де тән» деп жазады Т. Се­дова. Оны біздің қазақстандық пси­холог-эзотерик Гүлзат Сәр­сем­­бина да қуаттап отыр. «Мұн­дай адамдар көп жағдайда жал­қау­ болып келеді, оларды шы­ғар­ма­шылық, карьера аса қы­зық­тыра қоймайды» дейді маман. Де­се де, біз кібісе күні туған белгілі те­лемаман, нағыз шығарма­шы­лық адамы, «Хабар» арнасының бас продюсері Серік Аббас-шах­ты әңгімеге тарттық. Ол туған күнін өзіндік әдіспен тойлайды екен.
«Үш жыл – 10 минут, кібіседе – 3 күн»
– Серік аға, әдетте кібісе күн­дері қызықты бір оқиғалар болып тұрады екен... Сіз туған күні осы тектес ерекше оқиға болып па?
– Менің анам өмірінде ұзын саны он төрт рет құрсақ көтерген жан. Өкінішке қарай, олардың тоғызы сәби кезінде шетінеп кет­кен. Ерекше күні өмірге кел­генім­ді ырым санады ма, жоқ әлде қат­ты қуанғаны ма, сол күні әкем жарық­тық өзін құттықтаған адам­н­ың бәріне мал атап, сыйлық жа­сапты. Құдайдың өзіне де қы­зық көрінген болуы керек, менен кейін әке-шешемнің “махаббат­тық өнімдері” шетінеуден аман қа­лып, өсіп-өне бастапты.
– Туған күніңізді қалай мере­ке­леп жүрсіз? Жылда ма, әлде төрт жылда бір мәрте ме?
– Әдетте ақпан айы 28 күнмен аяқ­талған жылдары туған күнім болады немесе болды деген көңіл күйді сезінген емеспін. Бірақ ақ­панның 28-і күні түнгі 23.55-тен кейін 5 минут, наурыздың 1-і күні түнгі 00.05-ке дейін 5 минут алып, “10 минуттық туған күн” той­лап жіберетінім де бар. Өте ақыл­ды таныстарымның бәрі кө­бінесе сол сәттерде құтттықтап үлгере­ді. Ал 29-ақпанға келсек, мұ­ның жөні бөлек. Бұл менің на­ғыз туған күнім. Сондықтан да мүм­кіндігімше атап өтуге тыры­са­мын. Бірақ бір күнде тойлап тас­тауға үлгермей, бұл шараның кей­де екі-үш күнге дейін созылып ке­тетіні бар.
– Қазіргі жеткен биігіңізге шығуға осы бір күні туғаныңыз се­беп болды деп ойламайсыз ба?
– Туған күнім шығармашы­лы­ғыма әсер еткен жоқ деп айта ал­маймын. Жасым келсе де, шы­ғар­машылығымда әлі даналық­тың исі де жоқ, балалық қиял, тен­тектік ойлар басым. Мүмкін, мұ­ның бәрі ақылымның кірме­ген­д­ігінен шығар? Туған күнімді төрт жылда бір тойласам, жасым­ның он бірге енді толғаны ғой...
Шотландияның шатақ салты
Кібісе жылды басқа-басқа, бі­рақ Шотландияның қыздары асы­ға күтсе керек. Өйткені шот­ланд дәстүрі бойынша, бұл жылы құда түсу билігі ер адамдардың қо­лынан әйелдерге көшеді. Ал құ­да түсіп келген қалыңдығынан бас тартқан күйеу айыппұл тө­леу­ге міндетті. Ата дәстүрдің аза­бы­нан қашқан шотланд жігіттері кі­бісе жыл жақындағаннан-ақ үй болу­ға асығады екен. Ал үлгер­ме­гендері, амал жоқ, «қалыңды­ғым қашан құда түсіп келеді» деп «оң босағада отыруға» мәжбүр. Ре­сейде сонау патшалықтан бұрынғы кезеңнен бері кібісе жыл мен аталмыш күнге шошына қа­рай­ды. Олар бұл күнді – әулие Ка­сьян күні деп атайды. Аңызға сен­сек, Касьян періште кезінде шайтанның арбауына еріп, оған Құдайдың бар құпиясын жеткізіп қояды. Соған ашуланған Құдай Касьянды жазалап, өзге бір періш­теге Касьянды үш жыл бал­ға­мен маңдайына соққылап, төр­тінші жылы бостандыққа жіберуді тап­сырады. Осыдан да орыс хал­қы кібісе күннен еш жақсылық күт­пейді. «Кібісе жылы жыл­қы­ның жалы өспейді», «Касьян шаруа­ны ұнатпайды» дейді орыс хал­қы. Ресейде кібісе күн жайын­да бұдан да өзге аңыздар өте көп. Бірақ барлығы да Касьянның кәрі туралы түйінге әкеп тірейді. Кей аңыздар Касьянды Кощей деп те суреттейді. Дәстүр бойын­ша, Ресей халқы ақпанның 29-нан наурыз­дың 1-не қараған күні та­ныс­тары­на жұмыртқа беріп, оны жаруын өтінеді. Ертегі бо­йын­ша, Кощейдің жаны жұ­мырт­қа­да болады ғой. Сондай-ақ бұл ха­лықта «Егер кі­бі­се күні туған жұ­мыртқаны жа­рып тастаса, көк­тем суық бол­май­ды» деген де се­нім бар.
Сандар да сӨйлейді
Кібісе күні туғандардың мі­нез-құлқын сандар арқылы да анық­тауға болады екен. Нуме­ро­лог мамандардың зерттеуінше, 29 – өте ауыр сан. Яғни ол күні ту­ған адамдардың да мінезі ауыр кел­мек. Оның үстіне, 2 мен 9 бір-бі­ріне қарсы сандар болып шық­ты. 2 – пессимистік көзқарасқа ие сан болса, 9 – шатақшыл сан екен. Екеуін бір біріне қоссаң, 11, 1 мен 1-ді қоссаң, тағы да 2 шы­ға­ды. Ал Күн мен Айды қосып есеп­тегенде 2+9+2, тіпті 13 саны шы­ға­ды. Бұл санның да кере­ғар мінезі жайлы әңгімелер көп. Яғни көп ретте «кібісенің ұл-қыз­дарының» өз-өзіне сенімсіздігі бой­ларын билеп кете бермек. Ма­ман­дар мұндай жанның өз мақ­сатының ұлы күрескері екенін, бірақ кішкене кедергінің өзі оның рухын құлатып тастайтынын айтады. «Осы Өмірге ылайық...»Кібісе күні отау құруға ниет біл­діретін жастар аз болғанымен, кездесіп те жатады. Әрине, Алма­ты­дағы «Жас Отау» АХАЖ бө­лі­міне күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқанына байланысты жас­­тардың көңілін біле алмадық. Деген­мен «Жас Отау» қызмет­кері Ләйлә Айтжанованың ай­туын­ша, жыл­да бұл күні екі-үш қана жұп отау құрады екен. «Онда тұрған еш­теңе жоқ. Сандардың қа­сие­тіне сене берсе, жастарға үйле­не­тін күн де қалмас. Есесіне, алда­ғы кібісе күн жұмаға сәйкес келе­ді. Ал жұма – жұптасу үшін ең бір сәтті күн» дейді Л. Айт­жа­нова. Ресейдің көптеген қала­ларында АХАЖ қызметкерлері жастардың отау құруға осы күнді таңдауына жап­пай қарсы шығып жатыр. Мә­се­лен, Екатеринбург қаласында ал­д­а­ғы жұмада АХАЖ бөлімдері тіп­ті де жұмыс іс­темейді. Олар «қы­зыл күнді» қолдан жасап алып отыр. Есесіне, жастар күміс той, алтын той­ла­рын уақытылы жа­сайтын болады.

***

Айта берсе, кібісе күннің ке­ре­меті де, келемежі де жетіп жа­тыр. Қазақ даласына бұл күн қан­дай өзгеріс әкеледі екен? Оған аман­дық болса, куәгер бо­ламыз...


29 АҚПАНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН ТАНЫМАЛ ЖАНДАР:

1784 жыл – Лео фон Кленце – атақты неміс сәулетшісі.

1792 жыл – Джоаккино Россини – итальян сазгері.

1796 жыл – Ламбер Адольф Жак Кетле – бельгиялық белгілі әлеуметтанушы, ғылыми статистика негізін қалаушылардың бірі.

1829 жыл – Антонио Бланко – Венесуэланың экс-вице-президенті.

1840 жыл – Джон Филипп Холланд – суасты қайығын жасаған американ ғалымы.

1860 жыл – Герман Холлерит – Электронды есептеуіш машиналарының (ІBM) негізін салушы.

1900 жыл – Йоргос Сеферис – атақты грек ақыны, Нобель сыйлығының лауреаты.

1936 жыл – Джек Лусма – американ астронавты.

1948 жыл – Ирина Купченко – Ресей халық әртісі.

1952 жыл – Раиса Сметанина – шаңғы жарысы бойынша бірнеше мәрте әлем чемпионы.


Тақырыпқа орай қалжың:

– Сенің туған күнің қашан?–

29 ақпан.

– Кібісе жылы дүниеге келгеніңе шүкір ет. Әйтпесе тіпті де өмірге келмес ең!

Комментариев нет: