четверг, 28 февраля 2008 г.

«Korkyttyn kobyzyn» tekseru kerek


Қазақ сәулет өнерiнiң айрықша орны бар үлгiлерiнiң бiрi – Қорқыт ата ескерткiшi екенi рас. Биiктiгi 8 метр болғанымен, ескерткiштiң басты айырмашылығы – оның бiрде сыңсыған, бiрде күңiренген жұмбақ әуез – қобыз сарынын төгетiндiгiнде. Қобыз бейнесiн елестететiн төрт стелланың түйiсер тұсындағы 40 металл түтiк мұңды әуеннiң қайырымын салып, жаныңызды тебiрентедi. Қазiрде ескерткiш жанынан амфитеатр, қонақ үй нысандарымен бiрге Қорқыт баба өмiр сүрген кезеңнiң тарихынан, мәдениетiнен сыр шертетiн мұражай ашылған. Бүгiнгi әңгiменi осы ескерткiшке орнатылған музыкалық құрылғының авторы, профессор Совет Исатайұлымен жүргiзiп отырмыз.
- Совет аға, негiзгi әңгiмеге көшпес бұрын, мектеп оқушылары «миым ашып кеттi» деп жиi айтатын пән – физика саласына қалай келгенiңiз жайына тоқталып кеткенiңiз дұрыс болар.
- Мен еңбекке жетi жасымнан араласқан адаммын. Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында ауыл ұстаханасында жұмыс жасадым. Кейiн ғой, соғыс бiтiп, оқуға көңiл бөлгенiмiз. Студенттiк шақта жасаған тұңғыш аэродинамикалық құбырым – алғашқы ғылыми жаңалығым едi. Мен физиканың гидроаэродинамика және жылу физикасы салаларымен шұғылдандым. Бұған бала кезгi авиаконструктор боламын деген арманым да үлкен септiгiн тигiзген болар деп ойлаймын. Оған қоса техника ғылымдарының докторы, профессор Лев Вулистiң менiң ғалым болуыма тигiзген үлесi зор деп бiлем.
- Қорқыт ата ескерткiшiне қобыз тартқызып қойған ғалым өзiңiз боласыз. Осы бiр ойға келмес құрылғыны қалай жасағаныңызды әңгiмелеп берсеңiз.
- Бұл сұраққа жауап берерде аңыз бен тарихқа тереңдемей болмас. Анасы жарықтық Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтерген деседi. Босанар сәтте үш күн, үш түн бойы ойнақшыған дауыл күннiң бетiн жауып, жер бетiн қап-қара түнек басады. Сәби дүниеге келген сәтте оның бәрi сап тыйылып, қариялар жағы «Бұл нәресте өзi қорқытып келдi, аты да Қорқыт болсын» деп, алақан жайған екен.
Бiрде Қорқыт қалғып кетсе, құлағына «Егер өлiмдi есiңе алмасаң, мәңгi өмiр сүресiң» деген аян естiледi. Содан өлiмдi ойламай жүрген Қорқыт бiр жолы қашқан баспақты қуып жүрiп «өлсем де ұстаймын» деп қалады. Осы мезетте Әзiретәлi кеп «өлiмдi неге аузыңа аласың, ендi өлетiн болдың» дейдi. Содан Қорқыт мәңгiлiк бақытты ғұмыр кешетiн жерұйықты iздеген ғой. «Жер кiндiгiн тауып қана тiрi қалуға болады» деген аян жетегiнде жер кезiп, ақыры «мәңгi өмiр туған жерiмде екен» деп Сыр бойына келедi. Толқыған өзен арнасының ортасына кiлемiн жайып, көкiрек шерiн қобызбен баян етедi. Сарнаған қобыз әуенiнiң сарынымен су бетiндегi кiлем тербетiлiп батпайды екен. Қобыздың жан толқытар үнi ұлы даланы әуезге бөлеген жылдарда адамдар бақытты ғұмыр кешiптi дейдi аңыздар.
Мiне, даланың осындай ұлы тұлғасына ескерткiш орнатудың оңайға соқпағанын шамалап отырған боларсың. Ескерткiштi орнату жұмысы белгiлi сәулетшi Бек Ибраевқа жүктелген екен, ол ақылдасуға маған келдi. Аэродинамиканың маманы болғаным мұндай жақсы болар ма, желден басқа ештеме жоқ жапан далаға желқобыз жасау керек деген ойға келдiм. Жасаған құрылғыма Қорқыт бабаның мұңды күйлерiне ұқсас үн шығаратын нота таңдау керек қой, бұл жөнiнде музыка маманы, профессор Мұхитовпен ақылдасуға тура келдi. Бiрлесе отырып, жақсы әуен құрастырдық. Мәскеуден тот баспайтын арнайы материалдар алдырып, ақыры музыкалық құрылғыны өз ұстаханамда жасап шықтым.
1979 жылы шiлде айында құрылысшылардың көмегiмен ескерткiш бiр апта iшiнде орнатылды. Сәттi бiткен iстен соң желдiң соғуын күтiп ек, үп еткен жел болмады. «Аспаптың үнiн ести алмайтын болдым-ау» деп алаңдағанымша ызың еткен үн шықты. Жiгiттердiң бiрi «Қорқыт ата қобызының құлағын бұрап жатыр» деп қалжыңдағанша болмай, қобыз үнi сарнап қоя бердi. Сол сәттегi жан тебiренiсiмдi айтып жеткiзе алмаспын.
Ендiгi мақсат – ескерткiшке орнатылған музыкалық құрылғыны бiр тексеруден өткiзу керек. Жиырма алты жыл бойы аспап тесiгi шаң-тозаңға толып, тиiстi үн шықпауы мүмкiн. Бiр тазалап қойған артық болмайды. Бұл жөнiнде Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университет басшыларына сәлем айтып жiбергенiммен, Сыр елiне барудың жолы түспей-ақ жүр.
- Дегенiңiзге жетiңiз. Әңгiмеңiзге рахмет, аға!

Комментариев нет: