среда, 20 февраля 2008 г.

Zharyk aina


ДҮЙСЕНБI. Ол жанарын жарық айнаға қадады. Бiрақ қанша үңiлсе де өзiнiң бет-жүзiн көре алар емес. Оның орнына тырмаласаң да татым бермес қу тақыр дала жатты...Ол жуыла-жуыла түсi оңған жасыл жейдесiн үстiне жапсырды да, жүгiре жөнелдi. Бағыты – Сейфуллин көшесi. Қолтығына қысып келген қара дорбасын жанындағы тал бұтағына iлiп едi, сырғи түсiп сау ете қалды. Тал екеш тал да мұны жатсынады, артық көредi. Оның үркек көздерi төңiректi тiнткiлей бастады. Анадайда топтанып, карта қызығына түскендер бұған ауылдың аш құрсақ азу тiс иттерiндей елестеп кеттi. Дабырласып, даурығысып бiр-бiрiнiң қоң етiн жұлып жеуге де бар. Мұны көрген ол өзiн бұралқы иттей сезiндi. Қайырымды бiреу мүжуге сүйек тастаса, ана қызыл көздер бұған бұйыртпасы анық. Кешке дейiн көше күзетiп, нәр татпастан жатақханаға кеп жығылды. Терезенiң пердесiн ысырып жапты.
* * *
СЕЙСЕНБI. Ол жанарын жарық айнаға қадады. Биiк болса да, жемiс бермейтiн талдар көрiндi. Күн мен желден қорғар саясы болғанымен, жапырағын шайнамасаң, жұғым бермейдi...Ол тысқа шығып, турасынан аялдамаға тартты. Хабарландырулар тақтасына алыстан көз тiгiп едi, жанарына сарғайып бiткен сайлау қағаздары iлiндi. Оның бiр сәт додаға түскен дөкейлердiң күн қақтаған кескiндерiн қызықтағысы келiп кеттi. Жақын барғанда ғана байқады, үгiт үнпарақтарының үстiне түнгi клубқа күндiзгi күзетшiлiкке шақырған жапырақтай жарнама жапсырылған екен. Ол iштей «Е-е-е, депутаттарымыз жұмысты осылай тауып бередi екен ғой» деп күлдi. Жымиысында ащы ызаның табы бар едi. Күзетшiлiк қызметке тез келiстi. Кешелi берi нәр сызбаған қарынның бұлшық етке берер қайраты қайсы? Iздегенi де осындай жеңiл жұмыс болатын. Кешкiлiк қанағатсыз қарынды бiр тойдыруға да жеткiлiксiз тиын-тебенiн уыстап, жатағына оралды. Терезенiң пердесiн ысырып жапты.
* * *
СӘРСЕНБI. Ол жанарын жарық айнаға қадады. Ерке күй тербеген егiстiк алқабы елестеп кеттi...Ол бүгiн бақытын базардан iздедi. өгiз өмiр. Тай-тай жүк тиелген ауыр арбамен арпалысып бақты. Дегенiне көнбеген көлiкпен күрес көп қиналтты. Әйтсе де ол бүгiн ерекше бақытты едi. Тапқаны пұл болып жарытпағанымен, ең бастысы таза еңбектiң наны болатын. Терезенiң пердесi бүгiн баппен ысырылды.
* * *
БЕЙСЕНБI. Ол жанарын жарық айнаға қадады. Бүгiн оған тағы медиен дала көрiндi. Тек көз ұшында жемiсi жерге төгiлген алма ағашы бұлдырайды. Ғажап көрiнiс. Әлде... сағым ба екен?..Ол ұйқыдан тұрғанда, денесiнiң болдырып қалғанын сезiндi. Сүйретiле басып, тағы Сейфуллин көшесiне кеттi. Орнын өткендегi топ төбеттен аулақ сап, оңаша жердегi үйдiң iргесiне құйрығын басты. Түс ауа жергiлiктi нәзiк жынысты тұрғындар – түнгi көбелектер пайда бола бастады. Оның күлкiсi келдi. «Бұ шiркiндердiң де қызметi тәулiгiне 24 сағат болып кеткенi ме?» Алайда әлгiлердiң ашық-шашық денелерiне көз тастап отырып, ойы он құбыла бердi. өзiн нар мiнез санап жүргенiмен, нәпсiсiнiң алдында қара құл екенiн ендi ғана сезiндi. Ақырында, бiрiн ақшасыз-ақ айналдырып көрмек боп едi, онысынан түк те шықпады. Құр әуремен күндi ұясына батырып, қайтып келе жатқанда әйелдердiң шағын сөмкесiн тауып ала қойғаны. Iлiп әкеттi. Тар мекенiне жетiп, сөмкенi ашып қалғанда, бiр бүктелген мың теңгелiктер көзiне оттай басылды. Терезенiң пердесiн өмiрiнде дәл бүгiнгiдей тез ысырып жаппаған болар.
* * *
ЖҰМА. Ол жанарын жарық айнаға қадады. Бүгiн оған табиғат көрiнiсi емес, жаюлы дастарқан елес бердi. Арақ-шарап, түрлi салат толы үстел үстiнен қасиеттi нан көрiнбедi...Ол ертемен кафеге барып, тыңқия тойып, тамағын ащы суға тырнатқан соң, «жұмыс орнына» тартты. Кешегi келiспей қойған келiншектерге: «Кеселiңнiң емi осы ғой, мiне, қылғыт!» деп уысындағы ақшаны лақтыра бердi, лақтыра бердi.Ол бүгiн жатақханаға түн ортасы ауа әрең жеттi. Теңселе басып, төсегiне құлады. Терезенiң пердесiн жартылай жабуға ғана шамасы жеттi.
* * *
СЕНБI. Ол жанарын жарық айнаға қадады. Таң рауандап атып келедi екен. Апыр-ау, мынау таң емес, қызыл қан ғой!..Ол бүгiн төсектен басын әзер көтердi. Басы мең-зең. Қалтасын қарманып едi, соқыр тиын да таппады. Не iстеп, қайда жұмсағаны да есiнде жоқ. Ауыр тартқан басын қос қолымен қысып, көшеге шықты. Бұрылыстағы кафеге кiрiп, арақ сұрады. Ақшасын төлеместен қашуды ойлаған ол айқара ашылған есiкке ұмтылғанда, күзетшi кесе-көлденең тұра қалды. Оны көкiректен соғып құлатып, бөтелкемен басқа қойып қалды. Шағылған шөлмек шыңылы мен күзетшi ыңқылы қатар естiлдi. Терезенiң пердесi бүгiн күн батпастан-ақ ысырылған едi.
* * *
ЖЕКСЕНБI. Ол жанарын жарық айнаға қадады. Бiрақ бүгiн ол ештеңе де көре алмады. Айна бетiн қалың тұман басқандай...Бүгiн ол базарға барып, бiраз жұмыс iстегiсi келдi. Түсi оңған жасыл жейдесiн үстiне iлiп, жүгiре жөнелдi. Аялдамаға қарай бұрыла бергенi сол едi, кешегi күзетшi кезiгiп қалды. Қолында – жалаңдаған өткiр кездiк...Бұл күнi... терезенiң пердесi жабылмай қалды.
Нұрболат Аманжол

Комментариев нет: