четверг, 21 февраля 2008 г.

Munymdy menin kim ugar?


Соңғы деректер жаға ұстатарлық. Кейінгі жылдары ана мен бала денсаулығына кеңінен көңіл бөліне бастағанына қарамастан, олардың арасындағы өлім-жітім мен түрлі сыр­қаттар саны едәуір жоғары. Оның ішінде есту қабілеті шектел­ген сәбилердің үлестік пайызы жыл санап еселеніп келеді. «Үміт» саңырау мүгедектерді қолдау орталығы берген мәлі­меттерге сүйенсек, үстіміздегі жылы Қазақстандағы есту қабі­леті шектеулі жандардың саны 155 мыңға жетіп отыр. Бұл сан осыдан он жыл бұрынғы көрсеткіштен 3 есе жоғары. Қабі­леті шектелген жандардың әлемдік көрсеткіштері де жоғары. «Вайдекс» есту қабілеті шектелген жандардың халықаралық ұйымының мәліметі бойынша, олардың саны соңғы жеті жыл ішінде 200 миллионнан 500 миллионға бір-ақ жеткен.Саңырау мүгедектер санының күрт өсуін экологиялық жағдайдың на­шар­лауымен ғана сипаттап қоюға болмай­ды. Олардың көпшілігі дәрігерлердің сауатсыздығынан туындап жататын жағдай. Ананың жүкті кезі мен бала­ның буыны қатаймаған сәби шағында оның иммундық қорғаныс жүйесімен сәйкеспейтін дәрі-дәрмектер беру бо­лашақта баланың есту қабілетінен айы­рылуына әкеп соғып жатыр. Ал есту жүйесінде мүлде саңылау жоқ жан­дарға ем қонбайтыны белгілі. Ал дыбыс қабылдау мүмкіндігі төмен жандарға жасалатын операция құны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ми­нистрлігі бекіткен баға бойынша 30 мың АҚШ долларын құрайды. Ал дәл осындай операцияны Ленинград және Санкт-Петербург қалаларында 2,5 мың АҚШ долларына жасатуға болады. Өкініштісі, мамандардың айтуынша, Қазақстанда операция жасатқан жан­дар бәрібір шетелде үш жыл сайын бір мәрте тексеріліп, дыбысты жоғары­ла­тып отыруы тиіс. Өйткені Қазақстанда операциядан кейінгі реабилитация жасайтын мүмкіндік жағы қарасты­рыл­маған. Ал елімізде операция жаса­тып үлгергендердің саны әзірге 23:3 ересек жан және 20 бала. Әрине, өзі мүм­кіндігі шектеулі жан үшін опера­цияға 30 мың доллар табу аса қиынға со­ғады, тіпті мүмкін емес десек те бо­лады. Көрші елмен салыстырғанда опе­рация құнының 12 есе жоғары болуы мү­гедектерге жасалған жеңілдіктен гөрі, оларды қанауға көбірек ұқсайды. Саңырау мүгедектердің басындағы басқа да шешусіз, ескерусіз қалып жат­қан проблемалары шаш етектен. Ең алдымен олардың өзін қоғамның толық­қанды мүшесі ретінде сезінуіне тосқауыл болатын кедергілер көп-ақ. «Үміт» са­ңырау мүгедектерді қолдау орталығының төрайымы Аманбике Өсербайқызының айтуынша, ең басты кедергі – мүмкіндігі шектеулі жандардың білімсіздігі болып табылады. «Қазақстанда саңырау бала­лар­ға бастауыш және орта білім беру ошақтарының саны жеткілікті. Олардың көбісі Кеңес дәуірінде салынып, дәстүрлі оқу процесіне машықтанып алған мек­тептер. Дегенмен оларда сапалы маман кадрлары жоқ. Кейбір салалық пәндерді оқытатын мұғалімдерді мүлде емге де тап­пайсыз. Әсіресе ағылшын, тереңдетілген математика пәндерін қазір балаларға қол-қимыл тілінен хабары жоқ ұстаздар үйретіп жатыр. Олардың әдісі сол – тақтаға сөздің ағылшыншасын және орысша не қазақша аудармасын жазып қояды. Ал оның не мағына беретінін оқушыға қолмен жеткізуге мұғалімнің қа­рымы жетпей жатады. Сондай-ақ елі­мізде саңырау мүгедектердің жоғары бі­лім алуы жолға қойылмаған. Бұрын жас­тардың Ленинград, Санкт-Петербург қа­ла­ларында білім алуына арнайы жол­дама берілетін. Қазір оның бірде-бірі жоқ. Ал Кеңес дәуірінде салынған арнайы жо­ғары оқу орындарының бәрі шекараның арғы жағында қалды. Ал Қазақстанда есту қабілеті төмен балаларға арналған орындар мүлде аз», – дейді А. Ерғалиева. Дегенмен мұндай балалардың еліміздің іргелі оқу орындарында білім алуында сәл де болса ілгерілеушілік байқалады. «Үміт» саңырау мүгедектерді қолдау орталығы кейінгі екі жылда тендер ұтып алу арқылы балаларға гранттар сыйлап жатыр. Өткен жылы 84 орын жеңіп алса, биыл 83-тің белесі бағындырылыпты. Сол арқылы мүгедек балалар Алматы сервис колледжі, Алматы политехникалық инс­титуты, Таңсықбаев атындағы көркем­өнер колледжінде білім алуда. Өкініштісі, Алматы сервис колледжінен өзге оқу орындарында балаларға сурдоаудар­машы қарастырылмаған. Сондықтан ата-аналар балаларына өз қаражатына ау­дармашы жалдауға мәжбүр болып отыр. Ал мемлекет тарапынан қарасты­рыл­ған жеңілдік – әр мүгедекке жылына 30 сағатқа бөлініп берілген сурдо­аудар­ма­шы оның қажетінің бір бөлшегін де өтей алмайтыны сөзсіз. Қазақстанда сурдоаудармашы ма­ман­ның жоқтығы да өз алдына үлкен проб­лема. Оның басты себебі – респуб­ликада сурдоаудармашылар даярлайтын жоғары оқу орны түгілі, арнайы фа­культет те жоқ. Тек дефектология бөлімін бі­тірген бірсыпыра жастар ғана өз қызы­ғушылықтарымен сурдоаудармамен ай­налысып жүр. Олардың өздері де отба­сын­да не туыстары арасында саңырау аза­маттар бар болғандықтан, осы қиын­дыққа қарсы тұруға талаптанғандар. Ал нақты сурдоаудармашы мамандар елде жоқтың қасы екен. А.Ерғалиеваның ай­туынша, бүкіл ел бойынша қол саусақ­тарымен қимыл жасау арқылы сөйлесуді үйрететін тәжірибелі мамандар саны екі-үштен де артылмайды. Ал қалғандары өз­дерінің шала білімдерін балаларға сабақ деп үйретіп жүргендер көрінеді. Өйткені оларды реттейтін бірыңғай стандартты сөздер жинағы биыл ғана жарыққа шық­қан. Ал бұған дейін мүгедек балалар бая­ғысынша ресейлік бағдарламамен оқып келді. Бұл бағдарламаны 30-35 жыл бұ­рын Мәскеу және Ленинград қалала­рын­дағы Сурдопедагогика институтында қыз­мет жасайтын мамандар бірлесіп әзірлеген болатын. Әрине, оның қазіргі дербес еліміздің мемлекеттік мүддесіне мүлде сай келмейтіні белгілі. Сондай-ақ арадағы 30-35 жылда дүниеге келген он мыңдаған сөздің қол-қимыл нұсқасы еш жерде бекітілген жоқ. Осының нәти­же­сінде де әр мұғалім өзінше қимылдар жа­сап, оларға балама тауып жатыр. Қазір мұн­дай диалектінің көбейіп кеткені сон­шалық, республиканың әр аймағындағы есту қабілеті шектеулі жандар бір-бірін түсінбейтін дәрежеге жеткен. Сурдоаударма ісіндегі осындай ша­ла­ғайлықтар нәтижесінде де мүгедектер өзге елдерден келген сурдоаудар­машы­лардың көмегіне мұқтаж болып отыр. Алайда оларға қолғабыс беруге келген сурдоаудармашылардың көбі – түрлі діни секталардың өкілі. Кришнаит, Иегова, «Жаңа өмір» сынды діни ұйым­дарға тар­тылған саңыраулардың қайта қоғамға араласып кетуі неғайбыл нәрсе. Өйткені бұл діни секталарда ешбір ме­реке атап өтілмей, науқастанған жағдай­да дәрі­гер­ге баруға, ем-дом қабылдауға тыйым са­лынған. Осыдан да олардың ба­лалары­ның шетінеп кетуі жиі ұшырасып отыр. «Кейбірін алдап, астындағы бас­панасын тартып алғандары да табылып жатыр. Қа­зір біз солардың мәселесімен прокура­тураның есігін тоздырып жүрміз. Әзірге нәтижесі жоқ», – дейді орталық төрайымы. Баспана мәселесі мүгедектер үшін әлі күнге даулы түйін болып қалып келеді. «Мүгедектерді әлеуметтік жағы­нан қор­ғау туралы» Заң бойынша барлық мүге­дектердің тегін баспаналы болуға құ­қығы бар. Алайда «Тұрғынүй қатынас­тары» Заңы тек 1 және 2-топтағы мүге­дектерге ғана үй берілетінін алға тартады. Осыған байланысты есту қабілеті шек­теулі жан­дардың бәрін 3 топқа ғана жат­қызады екен. Дегенмен екінші топқа ілік­кен­дері­нің өзі үй түгіл, оның мұр­жасының иісін де сезіне алмай келеді. Айталық, 1982 жылдан бері отбасылық жатақ­ха­нада тұрып келе жатқан қала тұрғыны Бимәдиев Қайырғазының от­басы осын­шама жылдан бері үй кезегінде тұр. Әлі 50-орынға да ілікпепті. Өзі, әйелі, екі ба­ла­сы – төртеуі де есту қабілетінен айырыл­ған 2-топтағы мүгедектер. Заң бойынша ол баспаналы болуға әбден құқылы. Алай­да жұмыстың атқарылуы барысын­дағы шалағайлықтар еш нәтижеге жет­кізбей отыр. Осындай қиындықтарға қарсы тұр­ған «Үміт» саңырау мүгедектер орталығы бүгінде бірқатар жұмыстарды алға қойып үлгерді. Ең алдымен есту қабілеті шек­теулі жандарға арналған «Қол қимыл сөздігін» шығарса, жылына 2-3 мәрте жас­тарға тегін сурдоаударма курсын жүр­гізеді. Дәл қазіргі таңда 40 қыз ау­дарма ісіне машықтанып жатыр. Алайда орталықтың аядай ғана қос бөлмесі мүгедектердің бар қажетін өтеуі мен жаңа жоспарларын іске асыруына мүмкіндік бермей отыр. Әйтпесе өнерлі өрендер фото, дизайн, көркемөнер студиялары мен сән салондарын ашатын бірқатар жобаларды әзірлеп тастаған. Әттеңі – қолдайтын демеушілер табылмай отыр­ған көрінеді. Шарасыздықтан «Үміт» орталығының тарлау келген екі бөлмесі бір күн көрмеге, бір күн мектепке, енді бір күн сән салонына айналып отырады. Ұйымның жақында сурдоаударма орта­лығын ашсақ деген ойы бар. Бірақ тағы да ғимарат пен қаржы жағы қинайды. Әри­не, орталық үкіметтік емес ұйым бо­лып табылатындықтан, Үкіметтен еш­қан­дай көмек болмайтыны белгілі. Ал қа­йырымды мекемелерден түскен қара­жат белгілі бір акциялар өткізуден артыл­масы анық. Есту қабілеті шектелген жан­дардың сырын ұғып, мұңына ортақта­са­тын қайырымды жандар табылса игі.
Нұрболат АМАНЖОЛ

Комментариев нет: