вторник, 11 марта 2008 г.

Jana jahandyk tartip


Журнал жариялаған мақаланың негiзгi тақырыбы – ХХI ғасырдың iрi державалары хақында. Өткен дәуiрдiң озық елдер қатары жаңадан жасалмақ. Мақала авторы Даниел Дрезнер – Тафтс университетiнiң Флетчер атындағы құқық және дипломатия мектебiнде халықаралық саясат кафедрасында доцент қызметiн атқарады. «Барлық саясат жаһандық сипатқа ие» («All Politics Is Global») кiтабының авторы.

ҚҰЛПЫРУ МЕН ҚҰЛДЫРАУ

ХХ ғасыр желiсiндегi әлемдiк ұлы державалардың тiзiмi тым қысқа болды. АҚШ, Кеңестер Одағы, Жапония және солтүстiк батыс Еуропа елдерi ғана ауызға iлiгедi. Ал ХХI ғасыр үлкен өзгерiстер әкелмек. Экономикалық және саяси тұрғыдан Қытай мен Үндiстанның ауыр салмаққа көшерi сөзсiз. Алғашқысының алтын қоры триллион доллардан асып түссе, кейiнгiсi жоғарғы технологиялар секторын өркендетуге барын салып жатыр. Екеуi де ядролық қаруы барын ашық түрде жариялаған мемлекеттер. Оның үстiне әскери-теңiз флоттары да бар. АҚШ Үкiметiнiң ғылыми орталығына қарасты барлау жөнiндегi ұлттық кеңестiң болжамдарына қарағанда, 2025 жылға қарай Пекин мен Дели экономикалық даму индекстерi бойынша әлемдегi екiншi және төртiншi орындарға көтерiлмек. Ал мұндай қарқынды даму үдерiсi сонау 1940 жылдан берi қалыптасып келген халықаралық жүйеге қанжар кезенерi хақ. Басқару жұмысында Вашингтон басты рөлдi атқаратын бұл әлемдiк жүйенiң соңғы алты он жылдықта қаржы рыногына, бағаны тұрақтандыруға, ядролық қаруларды таратпау шараларына барынша ықпал етiп келетiнi белгiлi. Мiне, осы жүйеге енбей, Қытай мен Үндiстанның болашағы бұлыңғыр болмақ. Алайда кiшi Буштың соңғы алты жылдағы жұмысының барысын бақыласақ, АҚШ-тың аталмыш мәселенi оп-оңай шеше қоюы неғайбыл екенiн көремiз. Еске түсiрсек, үлкен Буштың әлемде «жаңа жаһандық тәртiп» орнатудағы атқарған жұмысын бүгiнгi ел президентi өзiнше соқпаққа бұрып әкеттi. АҚШ лидерi екi бағытты таңдады. Бiрiншiсi бойынша демократияны орнату және халықаралық терроризммен күрес желеуiмен Иракқа тiзе батырды. Алайда осының нәтижесiнде пайда болған антиамериканизмнiң салдарынан Буштың екiншi бағыты тасада қалып қойды. Ал оның екiншi бағыты – дамушы мемлекеттердi көтеру арқылы әлемдiк жаңа тәртiптi орнату болатын. Бұл жөнiндегi АҚШ-тың арнайы бағдарламасы ерекше әзiрлiкпен дайындалғанымен, оны iске асыруда кездесетiн кедергiлер де жоқ емес. Ең алдымен Қытай және Үндiстан секiлдi қарқынды даму жолындағы елдерге созылған қол ұшы басқа елдердiң экономикалық ахуалының нашарлауына әкелiп соғары хақ. Екiншiден скептикалық көзқарастағы Аргентина, Нигерия және Пәкiстан секiлдi мемлекеттер жаңа екi алпауыттың пайда болғанына қарсыласып бағады. Алайда осының бәрiн таразыға салған кезде АҚШ үшiн Қытай мен Үндiстанды қатарға қосудың қажеттiлiгi басым түседi. Өйткенi бұл екi елге халықаралық ұйымдардың қақпасы айқара ашық болмаса, олардың өздерiнiң жаңа ұйымдар ашуға құрықтары жетедi. Ол жағдайда АҚШ бұл ұйымдарды тек сырттан ғана бақылай алатын болады.

БАСТАУ

1940 жылдар ортасында Бiрiккен Ұлттар Ұйымы, Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзiлiк банк, ал онжылдық аяғында Тариф пен сауда жөнiндегi бас келiсiм (ГАТТ) және НАТО ұйымдары құрылған кезеңде АҚШ батыс әлемiнiң талассыз лидерi болатын. Ал аталмыш ұйымдардың жұмысы Америка мен оның еуропалық одақтастарының қалауы бойынша жүргiзiлдi. Әрине Франция мен Ұлыбритания бiрнеше ғасырлардан берi ұлы держава мәртебесiн иеленiп келедi. Оларға БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiнiң тұрақты мүшесi болу мiндетi жүктелген. Ал Халықаралық валюта қорының жарғысына сәйкес, Қордың директоры қызметiн мiндеттi түрде еуропалық елдiң өкiлi атқаруы тиiс.
Алайда бүгiнде жағдай бiршама өзгерген. «Goldman Sachs» және «Deutsche Bank» банктерiнiң болжамынша, 2010 жылы «БРИК» тобы аталатын Бразилия, Ресей, Үндiстан және Қытай елдерiнiң жылдық ұлттық кiрiсi АҚШ, Жапония, Германия, Ұлыбритания және Италия елдерiнiкiнен озып кетсе, 2025 жылы «G7» тобындағы жоғары дамыған жетiлiктiң ұлттық кiрiсiнен 2 есеге асып түсуi мүмкiн. Расына келгенде мұндай экономикалық өсiм 1990 жылдардың басында-ақ байқалған болатын. Алайда Вашингтон билiгi жұмыс жасап жатқан халықаралық ұйымдарды қуаттау арқылы дамушы елдердiң халықаралық институттар жұмысына араласуын кешеуiлдетiп тастады. Ашып айтсақ, ГАТТ Дүниежүзiлiк сауда ұйымына айналып шыға келсе, НАТО құрамына Шығыс Еуропа елдерiн қабылдап, керегесiн кеңейттi. Осылай 1989 жылы құрылған Азия-Тынық мұхиты бiрлескен экономикалық ұйымы мен 2001 жылы Қытайдың ДСҰ-ға кiруiнен (әрине үлкен қиындық, кедергiлерден кейiн) өзге дамушы мемлекеттердiң халықаралық ұйымдарға араласуының нышаны байқалмады. Бiрақ дамушы мемлекеттер тарапынан АҚШ-қа деген наразылық пен қарсылық қатталып, жинала түстi. 1990 жылдары Азияда орнаған қаржылық дағдарыс кезiнде халықаралық валюта қорының көмек қолын созбауы, 1998 жылғы Үндiстан өткiзген ядролық қару сынағын Вашингтонның қуаттамауы Дели билiгi наразылығын тудырса, Дүниежүзiлiк сауда ұйымына кiрер тұста көп кедергiлерге ұшыратқаны үшiн Қытайдың АҚШ-қа деген өкпесi қара қазандай. Оның үстiне НАТО әскери күшi арқылы Косовоға жасаған шабуыл, Белградтағы Қытай елшiлiгiнде болған жарылыс Қытай ұлтшылдығын оятты. Бiр сөзбен айтқанда, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан елдер жаңа мыңжылдық табалдырығын Америкаға деген асқан наразылықпен аттаған болатын.

ЖАҢА БАҒЫТ

Бүгiнде АҚШ-тың ниетi өзгерген. Ұлы державалар қатарынан Қытайды көруге кет әрi емес. Өйткенi 1980-жылдары әлемдiк экономикалық белсендiлiктiң 50 пайызы «G7» тобындағы жетiлiктiң үлесiне келетiн. Ал қазiр Ресей қосылған «G8» пiшiнiнiң өзiнде Қытайдың экономикалық ауыр салмағынсыз экономикалық үстемдiктi ұстап тұра алмайды.
2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-қа жасалған террорлық актi мен оған қарсы АҚШ-тың Иракқа ашқан соғысы жайында көптеген кiтаптар жазылғаны белгiлi. Олардың көпшiлiгi Вашингтонды демократияландыру жұмысын дипломатиялық жолмен емес, күш көрсету арқылы жүргiздi деп айыптайды. Осы оқиғалардан кейiнгi АҚШ билiгiндегi кадрлардың ауысуын да осы айыптауларға байланыссыз болды дей алмаймыз. Тоқ етерi – АҚШ-тың дамушы елдерге ден қоя бастауы мемлекеттiк хатшы қызметiне Кондолиза Райстың келуi, қаржы министрi болып Генри Полсонның тағайындалуымен тiкелей байланысты.

БАТЫЛ ҚАДАМДАР

Ендiгi әңгiменi жаһандық күштердi жаңаша жасақтаудағы АҚШ-тың атқарып жатқан жұмыстарымен жалғасақ. Ең алдымен АҚШ мемлекеттiк аппаратында Қорғаныс министрлiгi үлкен өзгерiстерге қозғау салды. Айталық 2004 жылы Американың ел шекарасы сыртындағы 250 мың әскерi 45 елде орналасқан болса, Буш жарлығымен осы әскердiң белгiлi бөлiгi елге қайтарылып, қалғаны жаңа қауiп аймақтарына орналастырылатын болды. Ал бұл аймақтарға негiзiнен Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Тынық мұхиты аймағы жатады. Екiншi жағынан Вашингтон Делимен қарым-қатынасты жақсартудың жолын iздестiруде. Өткен мыңжылдықтың соңғы он жылдығында АҚШ Үндiстан мен Пәкiстан арасындағы Кашмирге қатысты дауды шешуге атсалысқаны белгiлi. Бұл әрекет өз жемiсiн бермей қойған жоқ. Пәкiстанның АҚШ-тың терроризмге қарсы күрестегi негiзгi одақтасы екенiне қарамастан, соңғы 5 жылда АҚШ-Үндiстан қарым-қатынасынан жылылық лебi сезiледi. Өткен жылы мемлекеттер басшылары ядролық энергияны бейбiт мақсатта қолдану жөнiндегi екi жақты келiсiмге қол қойысты. Бұл дегенiмiз АҚШ Үндiстанды ядролық держава ретiнде мойындады деген сөз. Бұған қоса Буш әкiмшiлiгi Халықаралық валюта қорынан Қытайдың өзгелерден көбiрек дауыс алуына жағдай жасап отыр. Бiрақ әзiрге АҚШ батыл қадамдарға ойланбастан барғанымен, нәтижесi көңiлден шығар емес. Қытайдың ХВҚ-нан алған дауыс квотасы 2,98 пайыздан бар болғаны 3,72 пайызға көтерiлген.

ТАҚЫРЫП ТҮЙIНI

Ал АҚШ-тың «G20» тобын құру жөнiнде танытқан ықыласына осы топтан үмiткер елдердiң өзi iшкi нарығын айқара ашқысы келмейтiнi кедергi келтiрiп отыр. Тағы бiр кездесетiн қиындық - АҚШ-тың жанына жаңа одақтастар тарту үстiне бұрынғы батыс Еуропа елдерiмен де қатынасын үзгiсi келмейтiндiгi. Өйткенi АҚШ екi одақтас топтың да тiлiн тапқанымен, өзге «екi қошқардың басы бiр қазанға сыя қоюы» неғайбыл нәрсе. Расын айтқанда, АҚШ-тың жасаған стратегиялық жоспары керемет, бiрақ орындалуы өте қиын. Екi одақтас топтың бiреуiнен қол үзу қаупi зор. Бiрақ таяқтың екi ұшы да АҚШ-қа жайлы тимесi анық. Егер Қытай мен Үндiстанға халықаралық жүйенi басқару iсiне араласуға тыйым салатын болса, екi елдiң де ұлтшыл тобы көтерiлерi сөзсiз. Тiптi қазiрдiң өзiнде Қытай АҚШ-тың құрығы жетпейтiн халықаралық институт құрып үлгердi. Құрамында Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжiкстан және Өзбекстан елдерi (бақылаушы мемлекеттер - Үндiстан, Иран, Моңғолия, Пәкiстан) кiретiн Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекеттердiң әскери және энергетикалық мәселелердi бiрiгiп шешуiне жағдай жасауда. Ал 2006 жылы Пекинде өткен ШЫҰ саммитiнде Иран президентi Махмуд Ахмадинежад «Ұйым мiндеттерiнiң қатарына жоғары дамыған елдердiң басқа мемлекеттердiң iшкi iсiне араласып, ықпал етуiне кедергi жасау шарасын да қоюымыз керек» деген болатын. Дәл осы саммиттен кейiн ШЫҰ декларациясында «Әр елдiң мәдениетi, дәстүрi, саяси және әлеуметтiк жүйесiндегi айырмашылықтар сол елдiң iшкi iсiне араласуға себеп болмауы керек» деген тармақ пайда болды. Түптеп келгенде, бұның Вашингтонға жасалған қарсылық екенiн аңғару аса қиынға соқпайды.
Ал Қытай мен Үндiстанды бауырына тартып, бұрынғы одақтастарынан бас тартқанның өзiнде онсыз да антиамериканизм ауруына шалдығып үлгерген ЕуроОдақ мүшелерi АҚШ көзқарасымен сәйкеспейтiн халықаралық институттар құруы әбден мүмкiн.
Қорыта айтқанда, бүгiнгi таңда АҚШ-тың болашағы бұлыңғыр. Оның алдында - сүзеген екi қошқардың басын бiр қазанға сыйдыру мiндетi тұр...

Комментариев нет: