вторник, 11 марта 2008 г.

Jyr dulduli - Jumatay


Бiр күлермiн ғарыш жаққа кетерде,

Мен несiне көп кещеге кектенем.

Бiзге өлiмнiң қолы, сiрә, жетер ме,

Мұқағали, Төлегенге жетпеген.
Рас, бедел мен бақ, ақыл мен даңқты талғамайтын ажал құрығынан құтылған асау әлi туған жоқ. Алайда, биiк болмысымен дараланып, өшпес өнеге, өлмес өлең қалдырған хас таланттарды арамызда жоқ деп қалай айтарсың? Тiптi ауыз бармайды. Олар мәңгi жүрегiмiзде.
Тарлан ақын Жұматай Жақыпбаев жайлы сөз қозғағандда осындай ойға келесiң. Иә, жұмбақ ақынның өмiрi де жұмбақ, өлеңi де жұмбақ. Жұмағұл-Шора Сағадиұлы Жақыпбаев жасынан өнерлi де зерек болған дейдi. Серiлiк етпегенiмен, кербез ақын бойынан салдарға тән барлық қасиет табылады. Сымбатты, көрiктi, Кенежирендей бәйгi атын баптап, үкiлi домбырасымен үзiлтiп ән шырқаған. Оның ақиық ақын екенi алты Алашқа белгiлi. Домбырасы қолынан түспей, көкейдегi күй екпiнiмен әсем тiркестердi түйдек-түйдегiмен парақ бетiне тiзе беретiн болған. Топтап-топтап жарыққа шығаруға асықпаған. Алдымен iзбасар iнi-қарындастарына оқып, жас буынның пiкiрiн бiлiп, араға уақыт сала өңдеген, кесiп-пiшкен.
Жұматай лирикасы жайлы ұзақ түндер әңгiмелеп, тойымсыз көңiлге таусылмас азық жинауға болады. Ақын өлеңдерiндегi басты ерекшелiк — оның қазақы қалыпты, тұрмыс тiршiлiгiн бедерлеп, безендiрiп, сана мен сезiм сүзгiсiнен қатар өткiзiп, әлемдiк деңгейде жеткiзе бiлуi. Бұл, әсiресе, оның «Көктеудегi көрiнiстер, сұр тұсақ, қойшы бала және Гарсиа Лорка» балладасынан айшықты көрiнiс табады. Төлiнен жерiген тұсақтың оғаш қылығын арқа сүйер азаматын өзекке теуiп, айдауға жөнелткен елдiң ерсi әрекетiмен шебер салыстырады.
Ақынның музасы - Ләйлә. Мыңнан астам өлеңi ару Ләйләға арналған. Бiр тақырыпқа жазылған сонша өлеңнен бiр ұқсастық таппайсыз. Тоқсан жолдың торабынан тартып әкеп, өлең құрайды. Ләйлә бейнесiн сомдауда Жүсiп пайғамбар сұлулығынан ұрлағандай, қалыпты пiшiнге сыймайтын керемет теңеулермен сөз саптайды. өлең идеясы да ғашық болса, ғазал айтатын араб халқы бәйiттерiндей емес, терең сырлы, көркем де келiстi. Айталық, ақынның:
...Тек сенбi мен жексенбiнi жек көрем,
Сенi маған көрсетпейтiн күндердi...
немесе:
...Адам қатар өсiрген айламенен,
Айнала ағаш, жап-жасыл
айнала - емен.
Көлеңкеден шығасың...
Басталады бiр фильм «Ләйлә» деген...
деген өлең жолдары өр көңiлдiң өзiн табанға жығып берердей қуатты.
Жұматай тұлғасының биiктiгi бiр ақындығымен дараланбайды. Оның төрт күйi бар: «Ләйлә келген», «Зайда көрген», «Қажытай» және «Жұматайдың жұпбасары». өкiнiштiсi, күйлердiң бүгiнде бiрi де қағазға түспеген, халық арасына тарамаған. Бiлетiн бiрер ғана жан бар. Олар - шайыр шаңырағының астындағы туыстары. Марқұм ақынның рухының ризалығы үшiн осы күйлердi нотаға түсiру жұмысы әлi қолға алынбай келедi.
Жұматайдың байсалдылығымен қатар, терең тапқырлығымен де шоқтығы биiк. Қалжыңы астында ауыр сын, сынының астында үкiлi үмiт, сенiм жатады. Ақынның жүйрiгi Кенежирен сәйгүлiктi ағасы Шора малға айырбастап жiбергенде жазған мына шумағы езуiңе ерiксiз күлкi, ақылыңа ашу үйiредi.
Көрмегенiң жұрттан қалған мал бiлем,

Жиренiм жоқ, ендi менiң қалды нем?

Жұрт ағасын айырбастай бастаса,

Шөке, сiздi өткiзер ем алдымен.
-деп, көңiлiндегi ауыр құлазуды, күңiрене баяндап, ағаның қате қылығын әжуәмен әшкерелейдi. Келесi бiрде ақын Есенбай Дүйсенбаевтың тiлегiне орай мына бiр шумақтарды оқып берген екен.
Талайды оқып, талайды көрiп,
өткенмен, пай-пай, оңбайды жеңгем.
Баласын кейде сабайтын келiп,
Мао-Цзе-Дундай торғайды жеңген.
Қайтпаса беттен жарады дер ем,
Iсiне барлық кiсi едi берiк.
Ағамның арақ-шарабыменен,
Айқасқа сосын түседi келiп.
Қайтарар жауап жаңа күшпенен,
Жасардай ағам бiр атақты ерлiк.
«Адольф Гитлер арақ iшпеген,
Ал содан қандай рахат көрдiк?..»
Жұматай жырсүйер қауымның, әсiресе, студент жастардың жүрегiнде керемет күй ойнатады. Ол бiз үшiн жыр жазудың мәңгiлiк университетi боп қалмақ.

Комментариев нет: