понедельник, 7 апреля 2008 г.

"Aikyndy" saittan alem okidy. Onyn korjynynda - 26316 hat bar


«Айқынның» сайтын таныстырудың өзі ағаттық болар, өйткені сайттың өзі «Айқынды» таныстырып тұр емес пе? Басылым республикалық болғанымен, сайтымыз оны халықаралық дәрежеге көтеріп жіберді. Өйткені сайт арқылы «Айқын» жаңалықтары әлемнің бар түкпіріндегі отандастарымызға жетіп отыр. Бұл – көпке ортақ қуаныш!
Сайтымыздың өзгелерден басым тұстары жетіп жатыр. Жеңіл ашылады, жедел оқылады. Қазақ басылымдарының сайттары арасындағы ең көп ашылатын сайттың бірегейі десек, еш қателеспейміз. Сайтта «Ақ сөйле» және «Жүректің көзі» айдарларымен берілген алты жүзден аса сұхбат, «саясат», «экономика», «мәдениет», «әлеумет» сынды он бір бөлімде газеттің мыңдықтармен өлшенетін барлық мақалалары қамтылған. Сайтта жарияланған журналист жазбаларының қанша мәрте оқылғанына шейін көрсетіліп тұрады. Әзірге «Саз әлеміне саяхат» айдарының мақалалары бәйгені бермей тұр. Мәселен, «МузАрт» тобы тараған жоқ», «Әзілің жарасса, әншімен ойна» сынды мақалалар 7 мың мәртеден аса оқылыпты. Ал бұл дегеніңіз, газеттің өзінің 40 мыңға жуық таралымының үстінде тағы да 7 мыңнан астам оқырмандары бар деген сөз.
Тұрақты оқырмандарымыз берісі – Шығыс Азия, арысы – Батыс Еуропа, мұхиттың арғы бетіндегі қос Америка құрлығында да қалыптасып үлгерді. Әсіресе, Қытайдағы бауырларымыз электронды хат жолдаудан күн құрғатқан емес. Әрбір мақала, зерттеудің соңын ұтымды ұсыныстары мен пайымды пікірлерімен түйіндейді. «Айқынның» оқырмандармен кері байланысты тікелей осы сайты арқылы жүргізіп отырғанын басылымның бір артықшылығы деп бағалаған жөн. Оқырман пікірін жалғыз тілшілер емес, оқырманның да оқуына мүмкіндік бар. Басқаша айтқанда, оқырманның өзінен журналист жасап жатқан жай бұл. Айталық, Шоң Айсағали, Қазақ, Қытай қазағы, атыраулық оқырман, Қызғалдақ сынды белсенді пікір айтушылар бар. Көп оқырманымыз журналистердің мақалаларымен қатар осы кісілердің пікірлерін де ұдайы күтіп, іздеп жүретінін жасырмайды. Ендеше, «Айқынның» сайты – ақынның хатымен тең» десек, артық айтқандық бола қоймас!

Комментариев нет: