понедельник, 7 апреля 2008 г.

"Aikyn" aspanga myn shar ushyrdy


Сенбі күні «Айқын» газетінің журналистері Алматының арбатында жиналып, басылымның мыңыншы нөмірі жарыққа шығар алдында өз оқырмандарымен жүздесті. Көктемнің бұлтты күні де тілшілер мен оқырмандар қауымының қуанышын баса алған жоқ. «Айқындықтар» әуелетіп ұшырған мың шар басылымның мерекелік нөмірінің хабарын әр тарапқа сүйіншілеп әкетті. «Айқынның» түсі – қызғылт пен ақ түстен терілген шарлар мен газеттің жаңа сандары, «Айқынның» таңбасы басылған бас киімдер оқырмандарға таратылды.
Жүрекжарды лебіздерін айтуға арнайы келген оқырмандар тек газет бетінен ғана есімдері таныс қалам иелерімен жүзбе-жүз әңгіме-дүкен құрып, мәре-сәре. Әсіресе, болашақ журналистер – Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің студенттері журналист ағай-апайларымен танысып, ақыл-кеңестерін зейін қоя тыңдады. Тілшілер мен оқырмандардың емен-жарқын кездесуі әзіл-қалжың әңгімеге толы болды.
Әдемі кездесудің естелігі «Айқынның» тәжірибелі таспагері Айтжан Салықұлының фотоаппаратымен бейнелі сурет болып қатталып жатты. Әсерлі жүздесуден тілшілер де, оқырмандар да ерекше бір қимастық сезіммен тарқасты.

Комментариев нет: