понедельник, 5 мая 2008 г.

Uilengimiz keledi-ak...

Еліміздің демографиялық ахуалына үңілсеңіз, түрлі жағдаятқа көзіңіз қанығады. Соңғы екі-үш жылда дүние есігін ашқан бала санының өскеніне қалпағымызды көкке атқанымызбен, отбасы құрушы жастарымыздың аздығы қатты алаңдатады. Әсіресе, мұрты тебіндеп қана емес, бурылдана бастаса да, үйленуге асықпайтын жастардың жайбасарлығы қынжылтып тұр. Ай арулардың да жайы осындай. Қызмет қуып, гендерлік саясатты өзінше саралап түсінген қыздар қауымы да жасы отыздан асқанша тұрмыс құру жайын жоспарға енгізуден қалып барады... Халқымыздың демографиялық ахуалын жақсарту Елбасы Жолдауында өзекті мәнге ие болды. 2015 жылға қарай халық санын 20 миллионға жеткізу жоспарының бір бағыты да осы жас отбасыларды қолдауға негізделген.Белгілі демограф ғалым Мақаш Тә­тімовтің болжамдары алдағы 10 жыл­дың көлемінде жастар тойына зар бо­лып қалуымыз хақ. Олай дейтініміз – отау құратын жастағы бозбалалар мен бойжеткендер саны күрт азайып кет­кен. Ол көрсеткіш әлі де кемі оны жыл өтпей өсе қоймайды. Мақаш атаның уайымы да осы, жастардың үй болуға асықпауы – еліміздің демографиясына төнген қауіппен тең. Есеппен үйленетін жастардың отбасылық өмірі мәнді өтетіні де күмәнді. Өйткені есеп құ­рудың өзіне пәленбай жыл жұмсалып, жасы отыздан асқанда алғаш әке, ана атанатын жастар ары кетсе, екі-үш балалы болудан арыға бармасы сөзсіз. Ал шаңырақ үшін бір-екі уықтың аз­дық ететіні сынды балалардың аздығы да елдікті ойлаған ердің ісі емес. Адам баласының түсінігінде отбасы – шаттық ұялаған отау ретінде сақ­талса, оны халқымыз «Отан – отбасы­нан басталады» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген. Киіз туырлықты халық үшін қасиет пен киенің символы бол­ған бұл ұғым соңғы уақыттары өз мә­нін жоғалтып бара жатқаны сезіледі. Ақырында, ері үйдің иесі, әйелі үйдің киесі болған сонау дәуірлердегі дәс­түрлі отбасының классикалық үлгісін кейінгі ұрпақ көрмеден тамашалайтын күнге келмесек болғаны. Біз осылай аттандап жатқанда, жастардың пікірі тіпті де бөлек. «Үй болудан қашып жатқан біз жоқ, бірақ сәбилердің обалына қалмас үшін оларға тиісті жағдай жасауымыз қа­жет қой. Тым құрыса, басымызда бас­пана болса дейміз» дейді ба­сым көп­ші­лігі. Кейінгі жылдары той қамы да, оның жол-жоралғыларын ат­қару, жас отбасының еншісін беру – бәрі де еселеніп қымбаттап кеткеніне көз жеткізіп жүрміз. Қарапайым ғана той өткізуге 10 мың АҚШ долларынан кем қаржы жұмсалмайды. Ал жастарды отау қылып бөлек шығару – көп үшін қиялға ғана айналып кетті. Үй баға­сының қым­баттауы, «бала-шағамен көшіп-қонып қайда барам?» деген уайым да жас­тардың үйленуін тым те­жеп жіберген. «Қайта кейінгі кезде несие беріліп қана, біршама той осы қарыз ақшамен атқа­рылып жүр. Әйт­песе, бойдақ жас­тары­мыз бұдан әл­деқайда көп болар ма еді?» дейді ста­тист Есен Үсібәлиев. Иә, тойдан қар­жы аямайтын халық үшін несие­леу­дің бір пайдасы осы болды.Рас, жастардың әлеуметтік ахуалы олардың санасын билеп үлгергені бай­қалады. Десек те, «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайтынын» да естен шы­ғармаған жөн. Таразы басы тең емес. Бірақ қай жағы салмақты екенін тең­гергеннің оқырманның көңілі ғана сез­бек болар.

Комментариев нет: