понедельник, 21 апреля 2008 г.

Togyz jetimnin tagdyryn kim oilaidy?

Республикалық «Қазақстан әйелдері» қозғалысы кеше өткізген мәжілісте осыдан бір ай бұрын Алматы облысының Қарасай ауданы Ақсай шатқалында болған оқиға сөз болды.
Еске түсірсек, 20 наурыз күні «Базис А» корпорациясы директорларының бірі, бетон зауытының директоры Сергей Игнатьевтің меншігіндегі жотадағы үйдің құм мен тастан қаланған қоршауы іргетасымен қопарылып, сайдағы бір үйді жермен жексен етіп, бірнеше баспанаға зақым келген-ді. Соның салдарынан 5 адам қаза болып, бір бала ауыр жарақатпен ауруханаға түскен, 9 бала жетім қалған.
Оқиғадан бері бір ай уақыт өтсе де Игнатьевтің үстінен Қылмыстық кодекстің 23-бабы бойынша бір ғана қылмыстық іс қозғалған. Яғни, бұл оқиға табиғат апаты ретінде бағаланып, Игнатьев ешқандай жазаға тартылмайды деген сөз. Бірақ былтыр Игнатьевтің жеке меншігіндегі жерден төменде орналасқан бау-бақша кооперативінің мүшелері қауіпті оған талай мәрте ескерткенімен, директор құлақ аспаған болып шықты. Тіпті апат болған күнде де шығынды өзі көтеретіндігін құлаққағыс жасаған. Республикалық «Қазақстан әйелдері» қозғалысының төрайымы Дәметкен Әленованың айтуынша, Қарасай ауданы әкімшілігі қаза болғандарды жерлеуге жан басына 30 мың теңге бөлумен шектелген де, «оқиға осымен бітті» дегендей, қол қусырып отыр. «Тоғыз жетімнің екеуі тұл жетім. Оларға қарасатын ешкім жоқ».
Баспанасы топырақ астында қалған Жүзімбай Найманбаевқа және көршісіне жер беріліп, оған үй салып беруді Игнатьев міндетіне алғанмен, қазір ол бұдан жалтарып отырған көрінеді. «Кооператив атынан Игнатьевке жолығайық десек, күзетшілері маңына жолатпайды. Уәде еткен үйі мен жерін бермесе, шиеттей балалармен басқа барар жеріміз жоқ» дейді зардап шегуші Найманбаев.

Комментариев нет: