воскресенье, 24 февраля 2008 г.

Kara bult

Бақыт басын жастықтан әрең көтердi. Көздерi бұлаудай боп iсiп кеткен. Таңға жақын бiр-екi сағат қана ұйқтағанымен, тым бастығырылып қалыпты. Жайсыз түс көрген секiлдi, есiнде жоқ. Еске түсiргiсi де келмедi. Үй-iшi алакөлеңке екен. Әлсiз денесiн ерiксiз сүйрете балконға беттедi. Түнiмен жаңбыр жауған болатын. Көктi көмкерген қалың бұлттың әлi тiгiсi сөгiлмептi.
...
Бақытқа бұлт үнемi қайғы әкелетiндей көрiнетiн. Анасының айтуы бойынша, бұл өмiрге келетiн күнi де аспанды қара бұлт жапқан екен. Үйде жалғыз қалған ана тыстағы дүние-мүлiктi жаңбырдан қорғалап жүрiп, iшiне күш түсiрiп алды ма, кешкiлiк қатты толғақ қысады. Сол түнi көршi кемпiрдiң дем-демiмен жетi айлығында осы Бақытты босаныпты. Уақытынан ерте туылған сәби аурушаң боп өстi. Ауылдың шаң-құмы, желi де балаға жақпайтын. Қызының қамын ойлаған әке үй-iшiн қалаға көшiрiп әкелген-тiн. Бақыттың денсаулығы қалада да жақсарып кете қоймады. Сәл қатты жүрсе болды, басы айналып, ентiгiп қалады. Әсiресе, бұлтты күндерi қызуы көтерiлiп, түнiмен сандырақтап шығатын. Қара бұлт Бақыттың тек денсаулығы мен көңiл-күйiне ғана емес, тағдырына да таңулы тұрғандай. Неге екенi белгiсiз, мұндай күндерi алға басқан аяғы артқа кете бередi. Мектепте де аспан түнерген күнi мұғалимадан мақтау естiп көрген емес. Не достарымен ренжiсiп, не керегi табылмай, әйтеуiр, жолы болмайтын. Тек кешегi күн... Жас қыздың өмiрiне деген қара қазандай өкпесiн быт-шыт қып талқандып, тағдырын түбегейлi өзгертiп жiбергендей едi. Бұл күн де бұлтты болатын. Бiрақ, бүгiнгi бұлт Бақытқа ерекше сұлу көрiндi. Түсiнiксiз бiр сезiм оны көк жүзiне телмiрттi де қойды. Жанары биiкке қадалған ару желмен жалаңаштанып қалған талдың тамырын байқамады. Қатты жығылды. Қос алақаны мен оң аяғының басы тыз еткенiн сездi. -Бәрi алдамшы... Аузынан ытқыған ыстық леппен бiрге жанарынан екi-үш тамшы жас үзiлiп те түстi. Шиедей ернiнде тұрып қалған жасты сүйрiктей саусағымен сүртiп жатқанда, жанына бiреу таянғанын сездi. Жалт бұрылғанда дәл алдында қолын ұсынып жас жiгiт тұр едi. Бақыт жiгiттiң жүзiнен көз ала алмай қалды. Мiне ғажап! Әлгiнде ғана бұлт бетiнен көрген сұлулықтың жiгiттiң жанарында жасырынулы тұрғанын байқады. Не деген ұқсастық! Не деген сұлулық! Бақыт тiптi бiр сәт аяғының ауырғанын да ұмытып кеткендей болды. Тек содан соң ғана көп қадалып қалғанына ұялды ма, тезiрек тұруға ұмтылды. Мұнысына болмаған жiгiт оны қаңбақша үйiрiп, көтерiп алды. Бақыт бейтаныс жанның құшағында мұздай ерiп, талықсып бара жатқанын сездi. Жiгiт оны жақын ауланың орындығына отырғызды да, керi айналып, жоқ болды. “Қайда кеттi?” деп алаңдағанша болмады, тез оралды. Қолында - екi балмұздақ. Бiреуiн ашып, қызға ұсынды да, келесiсiн өзi жеместен Бақыттың күмпиiп iскен тобығына баса қойды. Есiмi – Арман екен. Бақыттан есiмiн, үй-жайын сұрағанда, бұл бетмоншақтанып, берекесi кете бердi. Сұрағына жөндi жауап та бере алмады. Арман такси тоқтатып, үйiне жеткiзiп салды. Бесiншi қабатқа шейiн көтерiп те апарды. Бұл оқиғадан соң Арман күнделiктi кеп, Бақыттың хал-жағдайын сұрап кететiн болды. Қызықты әңгiмелерiмен қызды көңiлдендiрiп кететiн. Бақыт жiгiтпен танысқаннан кейiн құлпырып, ашыла түстi. Баяғы тоңмiнез қалпы ұмыт болғандай. Оған ендi аспанды ешқашан бұлт торламайтындай көрiндi. Алтын күн мәңгiлiк жарқырап, нұрын төгiп тұрар болса керек. Арман бүгiн де келдi. өзi аса көңiлдi. Әдеттегiдей қыздың денсаулығын сұрап, әзiлдерiн де айтып отырды. Тек кетерiнде ғана төс қалтасынан бiр жапырақ қағаз шығарып қызға ұсынды. Бұл – шақыру билетi болатын. Иә, Арман үйленгелi жатыр едi... Бұл күнi Бақыт түнiмен булығып, жылап шықты...
...
...Бақыт әлi балконда тұр. Бет- әлпетiнен ауыр сырқат табы сезiлгендей. Томсырайып, түнерiп алған қара бұлтқа жақындай түскiсi келдi. Орындық үстiне шығып, балконға асыла бердi. Қос қолын көкке созып: -Не кiнәм бар саған, қара бұ-ұ-ұлт!- деп ышқына шыңғырды. Арудың өксiкке толы сөздерiн үйiрiле соққан жел iлiп әкеттi. Кенет, қыздың ауру аяғы икемге келмей, орындығы шайқатылып кеттi. Бақыттың көз алдында – аспан төңкерiлiп бара жатты...
Нұрболат Аманжол

2 комментария:

Бақытнұр комментирует...

Salem

Massagan.com-da angimelerine kosuynyzga bolady mundai angimlerinizdi.

Асхат Еркімбай комментирует...

Salem! Bloging unady!Oz blogyma qosyp qoidym! Sattilik tileimin!!!
urimtal.wordpress.com