понедельник, 3 марта 2008 г.

Aijannyn "Bala armany"


Танымал әнші Алтынай Жорабаевамен бірге «Бала арман» әнін шырқап жүрген жас талап Айжан Қасымберкебаева аз уақыт ішінде тыңдарман қауымның сүйікті әншілері тізіміне еніп үлгерді. Сахнада шырқаған сәттерін былай қойғанда, жастардың ұялы телефондарының кез-келгенінен-ақ бүгінде «Бала арманды» тыңдауға болады. Ал таяуда ғана Айжан «Тақиялы періште» кинофильмінен белгілі «Мама» әнін жазып болды. Бұл - жас әнші репертуарындағы алғашқы ретро ән болып отыр.
Айжан алғаш жеті жасында Алматы қаласындағы өзі білім алған №13 орта мектеп сахнасында ән шырқаған екен. Анасы Қыдырбаева Фатима қызының сәби кезінде-ақ әуезді үнге, әсем ырғаққа елтитінін байқапты. Содан баптап, шыңдап, дәстүрлі әнге жақын өссін деп домбыра курсына қатыстырып, ән әлеміне бағыттайды. «Анамның асқақ арманы, менің бала арманым - әнші болу еді. Қазір осы сара жолға түскенім үшін анама алғысым шексіз» дейді Айжан.
Жас талап жоғарғы сатыдағы бәйгелерге 2004 жылдан бастап қатыса бастады. Дәл осы жылы Талдықорғанда өткен «Жетісу жұлдыздары» конкурсына қатысып, дипломант болса, «Әнші болғым келеді» байқауының лауреаты атанады. Осыдан кейін Айжанға әншілік әлемнің қақпасы айқара ашылады. Мәскеуде өткен халықаралық ән байқауында, Сочи қаласында өткен «Еуропа үміті» конкурсында бақ сынап, үшінші орынға қол жеткізеді. Сондай-ақ, «көрермен көзайымы» атанады. Айжан бұл байқауларға «Елімнің жүрегі – Астана», «Сен алғаш гүл бердің көктемде» әндерімен қатысқан болатын.
Қазір жас әншінің репертуарында 7-8 ән жиналған. Оның ішінде ең танымалы – «Бала арман». Ән – Мақсат Жәутіковтікі. Онан өзге «Жан досым», «Мама», «Достарым» сынды бірқатар әндер де бар. Ұстаздары Ләззат Оралова мен Алтынай Жорабаеваның ән таңдау, өнер әлемінің қыр-сырын игеруде көп көмек көрсеткенін айтады. «Негізгі демеушім - әкем. Әкемнің маған сіңіріп жатқан еңбегі өлшеусіз» дейді Айжан. Жас әнші енді танымал сазгер Арман Дүйсеновке жаңа ән жаздырып жатыр екен. Бұл ән Айжанның жыл аяғына жоспарлап отырған ән кешінде тыңдармандарға тарту ететін басты сыйы болмақ. Ал альбом шығару мәселесінде Айжан асығыстық жасауды ағаттық көреді. Албом шығару үшін алдымен репертуарын таңдаулы әндермен толықтырып алуды жөн санайды. «Әйтпесе көп альбомдардың ішінде бір-екі туынды ғана ән сүйер қауымның көңілінен шығып, қалғаны қалыс қалып жатады ғой» дейді ол.
Жас әнші қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 1 курсында оқиды. «Бала күнімнен осы мамандыққа баруды армандадым. Бірақ болашақта әншіліктен біржола тілшілік әлеміне ауысып кеткім келмейді. Қолдан келсе, екеуін де қатар алып жүргенге не жетсін?» дейді Айжан.

Комментариев нет: