среда, 5 марта 2008 г.

Ulttyk ruh

Ұлттық рух жайында кең көсіле сөйлеп, парақтан парақ ауыстырып небір сырлы сөзбен дастандар да жазуға болар ма еді? Бірақ, рухсыз жүректен рухты сөз шыға ма, керісінше, рухты сөз рухсыз жүрекке жете ме? Әйтпегенде, рухани қазына дейтін асыл кітаптарымыз сөрелердің шаңымен айырылыспас дос болар ма еді? Жә, ұлттық рух дегеніміз ол болмақ емес...
Ең ғажабы, мен бүгін ұлттық рухты жолықтырдым. Иә-иә, мен бүгін ұлттық рухпен кездестім. Осыдан, төрт-бес, тіпті, екі-ақ сағат бұрын шығар. Ол маған Сіз ойлағандай аян не құдайдың бұйрығы, кие, қасиет аталатын адам көзіне елеусіз нұр болып та енген жоқ. Кәдімгі өзіміз, Сіз бен біз сияқты екі аяқты, ет жүректі пенде болып келді. Рас, аз әңгімелестік, уақыт тар еді. Бірақ, көп әңгіменің алдағы күндер несібесі екеніне сеніп тарқастық.
Ол менің жұмыс орыныма келген-ді. Дәлірек айтсақ, қызметке орналаспақ ниетте кепті. Жұмыс пен табыс, асығыстық пен айқай-шуы мол біздің ұжым оның әлемінен мүлде бөлек-тін. Бірақ, ол ортаға тез сіңіп кетті. Сіңген жоқ-ау, жұмыртқаның сарысы құсап ортаға кіріп алды да, өз әлеміне мені тарта бастады. Мен оңай-ақ еніп кеттім. Әшейінде екі сөздің арасына еріксіз еніп кететін кейбір «мигрант» сөздер маңызын жоғалтып алғандай. Ауызға түспейді. Шамасы ұлттық рух оларды кері тебетін сықылды.
Біршама уақыттан соң жұмыртқаның ағы қыса бастады ма, тысқа шықтық. Әлі қыс бітпесе де, көктемнің самалы сезіледі. Рухы мықты жанның жанында жүру де бақыт. Әудем жерді жаяу өткердік. Жолай, банкоматқа соғу қажет болды да, аяғымыз «Сарыарқа» кинотеатрына қарай бастады. «Батырға оң-солы бәрібір» дегеннен емес, қолдың қалай тигеніне қарай, банкомат қызметінің тілін таңдауға аса мән бере қоймайтынмын. Бұл жолы да көңілден жүйрік саусақ орыс тілін таңдап жіберді. «Сіз қазақ тілін таңдамайды екенсіз ғой!» Бас-аяғы алты сөз ғана айтылды. Бірақ осы сөздер маған жекігеннен де ауыр, екі сағат бойы дәріс оқитын ұстаздардың ұлағатынан да ұғыныңқы еді. Дереу карточкемді суырып ап, ақшаны ұлт тілінде алдым...
Рухсыз әлемде ұлттық рухтың өмір сүруіне қиын шығар. Әсіресе, тілшілер қауымы үшін. «Менің байқағаным, журналистік жолды таңдағаннан соң, қаласаң да, қаламасаң да қасқыр болуың керек екен, Нұрболат! Онсыз рухыңды жоғалтып аласың». Келіспеске шара жоқ. Дегенмен көңіл сенгісі келмейді қашанғысынша...
Жолайрыққа жеттік. Бүгінгі әңгімеде мен шешенсімедім. Қимастықпен қоштастық. Бірақ, әзірге ғана. Мүмкін қызметтес те болып қалармыз. Әйтеуір, тілшілік тірлік өмірде кездестірмей қоймасына кәміл сенесің...
«Сен аман болшы, рухани дос, Кәмшат...»

Комментариев нет: