понедельник, 21 апреля 2008 г.

Bala Nartay - Bauyrjan


Жас талант – Бауыржанның әншілік қыры сонау бала күнінде, бес-алты-ақ жасынан байқалған екен. Десе де, өмірін өнер жолына арнаған, әке Әлімхан Оспанов, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі ұлының бұл әуестігін балалық әсершілдікке балайды. Содан да Бауыржан ержетіп, мектепті тамамдағанда, оны консерваторияға емес, техникалық мамандық беретін оқу ордасына бағыттайды. Бірақ әуелейтін әсем әннің құдіреті бәрібір де Бауыржанды сахнаға жетелей берген...

Қазір оқуынан тыс уақыттың бәрін вокалдан беретін мұғалимасы Тұрсынай Метербайқызының студиясында өткізеді. Әзірге репертуарында 4 сүйікті әні бар. Олар «Қарындасыма», «Сен мені кімім дейсің?», «Келші, қарғам», «Жеңешем» әндері. Талай тыңдарман тарту еткендіктен бе, әсіресе, алғашқы әні жанына жақын. Осы әнімен жақында ғана Қызылорда қаласына сапарлатқанда облыстық «Сырлы саз – нұрлы Отанға» байқауында жүлделі орынды еншілеп қайтты. «Қарындасыма» жастардың да сүйікті әніне айналған. Бауыржан бірқатар ән байқауларында бақ сынап, жеңімпаз, жүлдегер атанып жүр. Өткен жылы ғана «Қазақша караоке» байқауында бағы жанса, «Жүректен жүрекке», «Әнді сүйсең, менше сүй», «Балауса» би тобының кешінде көрермен көзайымына айналды. Әсіресе, дәстүрлі әндерді дәл нақышымен орындайтын қоңыр даусы құлаққа жағымды.

Бауыржан Сыр өңірінің танымал ақын, сазгері Нартай Бекежановтың тікелей ұрпағы болып келеді. Содан да құрдас, ауылдастарының бәрі мұны «бала Нартай» деп атап кетсе керек. – Орындап жүрген әндерімнің көбі – әкемнің інісі Әлімхан Оспановтікі. Ол кісі дүниеден ерте озса да, артына көптеген әдемі әндер қалдырған болатын. Соларды Арман Дүйсенов ағамызға жаздырып, орындаймын, – дейді жас әнші. Қазір әндерін 400-500 АҚШ долларына жаздырып жүр. Негізгі демеушісі – әкесі, ағалары.

Бүгінде жас әншілердің көбі рэп, кейбірі, тіпті ауыр рок стильдеріне бет бұрып жатқанда, Бауыржан жүрекке жылы тиетін халықтық әндерді айтуға бет бұрыпты. «Қазақ халқының төл мәдениеті, өнері бар. Оны өзіміз дамытпасақ, ешкім біз үшін балақ түрінбейді. Ал рэп сынды басқа бағыттарды өзгелер дамыта берсін», – дейді «бала Нартай». Бауыржан альбом шығаруға да асығар емес. Әнші болатын жан ең алдымен жеке әндерімен халыққа танылуы керек. Ал альбом сол халыққа танылған әндердің жинағы деп есептейді ол. Сондықтан қазір жақсы әндерді жаздырып, соларды бар нақышымен орындауға көңіл бөліп жүр.

Бүгінде Бауыржанның әкесі – Әшімхан аға ұлының танымал емес, талантты әнші болуы үшін барын сап жүр. Десе де, ұлын «Сәтбаевтың» оқу ордасына бағыттап жібергеніне де өкінбейді. «Жігітке жеті өнер де аз. Елімізге техника саласын игерген де әнші керек», – деп қалжыңдайды қамқор әке. Онысын талапты ұлы да қуаттайды.

1 комментарий:

Анонимный комментирует...

Тегін қазақша рефераттар, курстық, дипломдық жұмыстар http://free.ucoz.kz/