понедельник, 21 апреля 2008 г.

Aldagy 15 jylda studentter sany kurt azayady

Елімізде жоғары білім беру жүйесінде соңғы алты жылда үлкен өзгерістер болды. Түбегейлі реформалаудың түпкілікті нәтижесін әлі уақыт көрсетеді, десе де қазіргі жағдай қуантып отырған жоқ. Мәселен, оқу бітірген жас мамандар кадрларға сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр. Әсіресе, экономика салалары бойынша маман тапшы. Оның үстіне, ауыл шаруашылығы саласын бітірген мамандар жеткілікті деңгейде қызметке орналасып жатқан жоқ. Ал дипломы бар түлектер көп жағдайда өзге қызметті таңдап жатыр. Білім саласында қордаланып үлгерген осы тектес өзекті мәселелер кеше Ортаазиялық баспасөз клубында өткен «Қазақстандағы жоғары білімнің дамуы мен мәселелері» атты дөңгелек үстелде сөз болды.
Жиында алғашқы сөз кезегін алған Білім және ғылым министрлігі жоғары және одан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Гүлзада Мұхтарованың айтуынша, министрлік тарапынан қазақстандық білім беру жүйесін әлемдік сапаға лайық еуростандарттар бойынша жүргізу үшін жағдай жасалып келеді. Елбасы белгілеген нанотехнология, биотехнология, ғарыш саласын игеру сынды бес бағыт бойынша жетекші оқу орындарын қалыптастыру мақсаты алға қойылған. Алайда жаңалықтың лебі әзірге сезілмей отыр. Бұл жөнінде «Министрлік баяу, бірақ дұрыс бағытта жұмыс жасап келеді» дейді департамент директоры. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры Зұлхайыр Мансұров өз кезегінде елімізде жаңа реформаларды жетекші оқу орындарында енгізіп, солар қалыптастырған ізбенен өзге оқу орындары да жаңа стандарттарға көшу қажеттігін тілге тиек етті. Бұл тұрғыдан алғанда, материалдық қор, білім беру деңгейі, кәсіби кадрлер құрамы жөнінен төмен сапалы жекеменшік ЖОО-лар тағы бір аттестациялаудан өтуді қажет етеді.
Еуразиялық нарық институтының ректоры Нұрсейіт Айтқали болса, жаңа жүйелер ішінен ҰБТ мен гранттарды үлестіру ісіндегі олқылықтарды атап өтті.
– Өткен жылы 185 үміткердің қолында тестің дайын жауаптары болғаны белгілі болды. Бұл грант бөлінісінде үлкен мөлшер боп есептеледі. Бұдан білім саласы жемқорлық дертіне шалдыққаны айқын көрінеді. Екіншіден, студенттерді мамандыққа бөлгенде кемшіліктер кетіп жатыр. Бір экономика факультеттерінің студенттерін алайық. Оқу бітірген соң, жартысы – қаржы саласының мамандары, ендігі жартысы – бухгалтерлер мен аудиторлар боп шығады. Ал еліміздің бар мекемесі маркетологтар мен менеджерлерге, экономиканың басқа да көптеген салаcының мамандарына зәру. Оларға ұсынар мамандарымыз жоқ. Неге? Өйткені грант санын бөлу, одан ары салалық мамандықтарға бөлу жүйесі реттелмеген, – дейді Н.Айтқали.
Дөңгелек үстелде Ортаазиялық университет ректоры Мақаш Тәтімов білім саласына қатысты демографиялық тұрғыдағы тың деректерді келтірді. Оның мәлімдеуінше, республика бойынша алдағы 15 жыл көлемінде студенттер саны күрт азаяды. «Мәселен, мен Алматы қаласы бойынша ғана статистикалық мәліметтерді әзірледім. Бірақ қалыптасқан жағдайды осыдан-ақ көруге болады. Үш жыл бұрын қала бойынша ЖОО-ға қабылданған студенттер саны 13 мыңға жуықтаса, өткен жылы бұл есеп 9 мыңға түсіп кеткен. Ал 6 жылдан соң бұл есеп 5 мыңға дейін құлдырайды. Елде бала тууының өсуі соңғы 1-2 жылда ғана байқалды. Олар ЖОО-ға тапсырам дегенше кемі 15 жылдай уақыт керек» дейді М.Тәтімов. Бұл ретте құлақ түрерлік қорытынды – білім алушылардың азайған шағы – білім саласын ретке келтіріп алудың ең тиімді тұсы. «Бұл – саннан сапаға көшетін белес» дейді ғалым.
Дөңгелек үстел әңгімесіне өзек болған екінші бір маңызды мәселе – қазақстандық жоғары оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлықпен күресті жою болды. Жиынға қатысушылардың бұл мәселедегі пікір-ұсыныстары бір жерден шықты. Ең бастысы, оқу мен методикалық құралдардың сапасын жақсарту қажет. Өйткені министрлік тарапынан қадағалаудың аздығы мен білім алушылар тарапынан оқуға деген қызығушылықтың төмендігі. Төмендігі – білім беру әдісінің тартымсыздығынан. «Сондықтан жемқорлардың ізіне шырақ алып түсіп, оларға қарғыбау салғаннан түсетін олжа аз. Ал өз кемшіліктерімізді жойып, жемқорлықтың болуына мүмкіндік қалдырмасақ, бір оқпен екі қоян атамыз» десті мамандар.

Комментариев нет: