понедельник, 21 апреля 2008 г.

Auyl bilimi alandatyp tur


Қазақстанда білім беру саласына бөлінген қаржы соңғы жеті жылда 7 еседей артқанымен, ауыл мектептеріндегі білім сапасында ешқандай да оң өзгеріс жоқ. Айталық, ҰБТ қорытындысы бойынша, нәтиже көрсеткіштері жөнінен ауыл мектептерінің түлектері қалалық құрбы-құрдастарынан 15 пайызға төмен нәтиже көрсеткен. Ал еліміздегі 8 мың мектептің 75 пайызы ауылдық екенін ескерсек, мәселенің қаншалықты ушығып тұрғаны ап-айқын көрінеді. Бұл туралы «Сандж» зерттеу орталығының мамандары мәлімдеді.

Мәселеден шығудың өзіндік амалын ұсынған «Сорос-Қазақстан» қоры «Сапалы білімге қол жеткізу: Қазақстан Республикасында ауыл мектептері оқушыларының мүмкіндіктері мен шектеулері» атты бастама көтерді. Қордың «Бюджеттік мөлдірлік және есеп беру» атты жобасының үйлестірушісі Жәнібек Хасанның айтуынша, 10 ай бойы Қазақстанның барлық ауылдарында 132 мектеп директоры, білім беру қызметкерлері және ата-аналар қауымдастықтарымен зерттеу жұмыстары өткізілмек. «Ауылдық аймақтарда білім беру қызметі сапасын көтеру, мектептерді қаржыландыру жүйесін орталықтандыру бойынша халықаралық тәжірибені зерттеу жоспарланып отыр. Біздіңше, мектептерді қаржыландыруды, яғни оның бюджетін жоспарлауды жоғарыдан емес, төменнен жүргізу керек. Басқаша айтқанда, мектеп қызметкерлері мен ата-аналар қауымдастығы бірлесіп осы мәселені шешулері керек деп ойлаймыз», – дейді Ж.Хасан.

«Сандж» зерттеу орталығының вице-президенті Айгүл Тағатованың айтуынша, ауыл мұғалімдерінің орташа айлық жалақысы 29 мың теңгені ғана құрайды. Оның үстіне жергілікті білім беруді қаржыландыру жүйесінің дұрыс реттелмеуіне байланысты мұғалім мектепке ай сайын 1,5 мың теңге бөліп отырады. Оған қоса біліктілігін арттыруға, көрнекі құралдар әзірлеуге жұмсайтын шығындары бар.

– Еліміздегі оқушылардың 47 пайызы ауылдық мектептерде оқып жатқанда, біз бұл мектептердің материалдық қоры жағын, ондағы мұғалімдердің біліктілік және әлеуметтік мәселелерін естен шығармауға тиіспіз. Бүгінде ауыл мектептерінде жоғары дәрежелі педагог мамандар тапшы, қаржыландыруы жеткілікті емес, оның үстіне материалдық қоры да мүлде стандартқа сай келмейді, – дейді А.Тағатова.

Қазіргі таңда солтүстік аймақта бір оқушыға кететін шығын 86 мың теңгені құраса, оңтүстік облыстарда бұл шығын 45 мың теңге көлемінде. Бірақ бұл айырмашылық ауылдық жерлерде мүлде құлдырап кетеді. Осылайша ауыл мектебінің оқушыларына жұмсалатын қаржы мүлде мардымсыз. Оны көп жағдайда мұғалімдер өз қалталарынан өтеп отыр.

Жиында ауыл мектебін көркейтудің бірқатар ұсыныстары да алға тартылды. «Ең алдымен ауыл мектептерінің материалдық-техникалық оқу базасын жақсартуды қолға алу керек. Екіншіден, жаңашыл әдістерді толыққанды жүзеге асыру мақсатында мектеп кітапханасын оқулықтар, әдеби және әдістемелік кітаптар, баспасөз басылымдарымен жабдықтап, мектептің ғылыми орталықтармен және жоғары оқу орындарымен байланысын нығайту кезек күттірмейтін іс. Сондай-ақ ауыл мектептерінің өзін-өзі қаржыландыруы үшін, ұзақ мерзімді жеңілдетілген несие және ауылшаруашылық өнімдерін өсірумен айналысу үшін, оған қажетті техникалар алу үшін мемлекеттік деңгейде көмек берілсе», – дейді мамандар.

Комментариев нет: