среда, 5 ноября 2008 г.

Tastan tarih izdegen...


Рәсімді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин сөз сөйлеп ашты: «Ұзаған ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары әдебиетімізде жаңа буын өкілдері дүниеге келді. Олардың да алды, міне, ер жасын еңсеріп, есеп беру кешін өткізіп жатыр. Бүгінгі тойдың иесі, қаламгер ұстаз, ақын, тарихшы, тілші-баспагер Сағатбектің бұл толқынның ақ шортаны екені аян. Өрге жүзіп келеді, өрге сүйреп келеді».
Қаламгердің өз есеп беру шығармашылық кешін «Тамырсыз таста тарих бар...» атауының да өзіндік маңызы ерекше. Оны кеш барысында замандас аға-інілеріне жария етті. Бала күнінен туған жердің тау-тасынан тарихтың сырын тыңдап өскен ұланның биыл қанша жыл іздеп келген Ереуілтөбені тапқан сүйіншісі бар екен. «Тарихи төбеге бір ескерткіш қою – ардың ісі, біздің ісіміз» дейді тарихшы. «Ереуілтөбе – елдіктің айғағы». Осыдан 28 жыл бұрын осы Сағатбектің бастама көтеріп, ұйымдастыруымен Ереуілтөбеге Қарқара жайлауынан бір ескерткіш қойылған еді. Қарқара көтерілісінің 90 жылдығы мерейтойында бұл ескерткіш қайта бір жаңартылды. Бірақ бұл ескерткіш дәл Ереуілтөбенің үстінде тұрған жоқ. Бүгінгі той иесінің көңілі жаңа ескерткіштің төбенің нақ төрінен бой көтергенін көксейді.
Ақын замандастарының жалаң тілегі мен жапқан шапанын ғана дәметпегені байқалады. Сондықтан ба, сөз кезегін дәстүр жаңғырту ісі мен тарихнамаға үңілумен алмастырып отырды. «Таста тамыр жоқ, бірақ тарих бар». Кештің баяндамасын көпке оқыған ақын, профессор Бауыржан Жақыптың әңгімелеуінше, тілшілерді түлеткен қарашаңырақтағы Сағатбектің ұстаздық ұлағатына бас июге болады. Оған кіші де, үлкен де шәкірт. Ал оның өзі – бәріне шәкірт. Дейтініміз, шәкіртпен шәкіртше сөйлесе біледі. «Шәкірттен де үйренетін нәрсе мол» дейді ұстаздың өзі. Соның белгісі болар, ағайының шығармашылық кешіне білімгерлері мол жиналды.
Ақын үшін туған жер тарихы аса қымбат. Оны ешкімге қиғысы келмейді, ешкімнен алабөлек ұстамайды да. Бұл кеште Сағатбек: «Мен бала күнімнен Қарқара бір менікі, менің жалғызым деп ойлаушы едім. Сөйтсем, енді ғана Қарқараның Кавказда да, Қырғызда да, бер жағы, Қытай, моңғолда да, бірталай мен баспаған жерде де бар екенін білдім. Сөйтсем, жалғызым жатта да бар екен. Ендігі мен үшін өмірлік мақсат – Қарқарасы бар барлық мекенді аралап шығу болып отыр. Туған жеріңнің бір топырағын зерттеудің мұндай үлкен сапарға бастайтынын кім білген?» деп, қаламгер ағаларға базына айта отырып, өз мақсатын жеткізді. Қарқара жайлауына жанын бере, талантын төге еңбек еткендердің бірден-бірі – осы Сағатбек Медеубек болса керек. Оның мәтіні мен әуезін де өзі жазған, 2000 жылғы «Жаңа ғасырға жаңа ән» байқауында дипломант атандырған «Қарқара» әні де бар. Ал 1995-те «Қайта оралған Қарқара саздары» атты концерт ұйымдастырғаны да есте. Бұл ақынның жаңа қырларын аша көрсетсе керек. Замандастарының бірі Сәкеңді қаламгер санаса, бірі ұстаз тұтады. Бірі оның тарихи байламдарына бас ұрса, енді бір топ ұлт жанашырының әсерлі әңгімелерінен-ақ жақын тұтады. Той барысында дәстүрлі әншіміз Сәуле Жанпейісованың «Ақ толғай» әнін де өзінің үйренген әдеттегі мақамымен емес, Сағатбектің нұсқасымен орындауы да біраз нәрседен хабар береді. Әсем нақыштағы ән әсерлі де шықты.
Сағатбектің қаламгерлік қырын танытатын «Сүндет той», «Ою хан мен Жою хан», «Сазды аспаптар сыры», «Жетісудың күйлері» мен «Жетісу әндері» кітаптары оқулыққа айналып үлгерді. Ал публицистикалық және ғылыми-танымдық мақалаларының өзі 300-ге жуықтайды. Ал таяуда оның «Байбөрі. Байбөрі!» поэмасын дүниеге әкелді. Оның қай шығармасы болмасы, тарихпен астасып жатады, яғни негізінде шындық бар. Сағатбек Медеубек – жанардың адамы. Жанарға сөйлейді, жанармен сөйлейді. Көзге тіке қарау – шыншылдықтың белгісі. Оның жанары - жүрегінің айнасы.
-...Көзіме қара,
Жоқ па деп қулық айласы.
Көзім – жүрегімнің айнасы.
Айнада сенің бейнең бар,
Оқылмаған сөйлем бар.
Түсіне қара,
түйсіне қара...
Жалт берер жанар тайғасын...

Комментариев нет: